Сырдария ауданы, Аманкелді ауылының 9 және 8-сынып оқушысының қатысуымен қылмыстық оқиға болды, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.
Қызылорда облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Жапырақ Ұзақбаева оқушының оқиға орында қайтыс болғаны анықталғанын айтып отыр.
"Екі жасөспірім сөзге келіп, біріншісі балағат сөз айтқаны үшін екіншісін жұдырықпен көкірек тұсынан бір мәрте ұрып, алған дене жарақатынан жасөспірім жерге құлап оқиға орында қайтыс болғаны анықталған. Қазіргі таңда тиісті сараптамалар тағайындалып тексеру жұмыстары жүргізілуде. Қайтыс болған баланың отбасына қайғырып көңіл айтамыз", - деді ол.
Өткен жылы Қызылорда облысында 7500-ге жуық жасөспірімнің ішкі істер органдарына жеткізілгені, қылмыс пен құқықбұзушылықты азайту мақсатында түрлі шаралар қабылданып жатқаны хабарланған-ды. Жалпы, оқушылар арасында төбелестің тоқтаймай тұрғанын бұған дейін де жазған едік.