Қызылордада тұңғыш рет бауыр ауыстыру отасы жасалды

40 жастағы пациентке жасалған бауыр трансплантациясы сәттi өткен.  

Қызылордада тұңғыш рет бауыр ауыстыру отасы жасалды Фото: Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы

Науқасқа донор болған – оның 1993 жылы дүниеге келген туысы, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Он сағатқа созылған ота сәтті аяқталған. Қазіргі уақытта ем алушы бұрынғы өмірiне оралды деуге әбден болады, яғни емделуге тәуелділiк, уақыт пен тамақтануға байланысты шектеулерден босап, жұмыс істеуге және белсенді өмір салтын ұстануға толыққанды мүмкіндік алған. 

Айта кетейік, облыс тарихында бауыр ауыстыру отасы алғаш рет жасалып отыр. Осылайша, тоғыз жылдан бері бауыр циррозы дертіне шалдығып, емi нәтижесіз болған науқас көптен күткен қуанышқа кенелді. 

Трансплантацияның Қызылордада жасалуына А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты дәрігер Баймаханов Болатбек Бимендіұлы жетекшілік ететін трансплантологтар қолдау білдірiп, арнайы келді.

Айта кетейік, көпбейінді облыстық аурухана дәрігерлері де отаға қатысып, тәжірибе алмасқан. Мамандар бауыр ауыстыру отасы алдағы жылдары да жалғасатынын жеткізген. Бүгінде Қызылорда облысында 16 адам бауыр трансплантациясын жасатқан. Олардың денсаулығы қалыпты. 

Заманауи хирургияда донорлық бауырды сәтті трансплантациялау созылмалы, асқынған ауруы бар науқастарды қалпына келтіріп, олардың толықтай медициналық және әлеуметтік оңалуын қамтамасыз етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу