Қызылордада тұңғыш рет қобызшылар ансамблі құрылды

4443

Қорқыт мұралары халықаралық ЮНЕСКО ұйымының ресми қорғауына енген.

Қызылордада тұңғыш рет қобызшылар ансамблі құрылды

Сыр өңірінде еліміздегі ең жас қобызшылар ансамблі құрылды. Түркі әлемінің абызы Қорқыт ата өмір сүрген мекенде мұндай өнер ұжымының болуы заңды құбылыс. Жаңадан топтасқан ансамбльдің мақсаты ұрпақтан ұрпаққа жеткен киелі аспапты дәріптеп, Қорқыт күйлерін қайта жаңғырту.

Қорқыттың күйлерінде тамыры терең тарихымыздың үні жатыр. Бабадан қалған асыл мұраны насихаттауды мұрат еткен жас өнерпаздар жетерлік. Соның бірі - Шапағат Сәндібек. 17 жасар қобызшы қыз облыстық іріктеуде топ жарып, бүгінде ансамбльдің ең жас мүшесі атанып отыр.

"Өнер жолы – ауыр жол" дейді. Бірақ, мен еш өкінбеймін осы аспапты таңдағаныма. Мықты қобызшы болғым келеді. Шетелдерге шығып ансамбльдермен өнер көрсеткім келеді. Қазақтың қобызын әлемге танытқым келеді", – дейді жас өрен.

Жалпы қобызшылардан құралған өнер ұжымында - 17 мен 30 жас аралығындағы аймақтың кіл үздіктері. Сондай-ақ, ансамбльді қосымша сүйемелдейтін жетіген аспабында ойнайтын екі өнерпаз бар. Қазір қобызшылар алғашқы концертіне қызу дайындық үстінде. Жас ансамбльге "Мәдениет саласының үздігі", белгілі қобызшы Салтанат Пұсырманова жетекшілік етеді.

"Ансамбльдегі 20 қобызшы бір ғана дауыста ойнамайды. Бірнеше дауыста үндесе шығармалар орындайды. Бұл дегеніміз қобыздың үнін дамыту, халықтың жүрегіне қобыздың үнін жеткізу. Күйін естіген кезде адамның тамырлары шымырламай тұра алмайды", – дейді ансамбль жетекшісі.

Былтыр Қорқыт мұралары халықаралық ЮНЕСКО ұйымының ресми қорғауына еніп, Сыр жұртшылығы сүйінші сұраған еді. Енді міне, саф өнерді насихаттайтын қобызшылар ансамблімен де мақтанатын кез келді.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу