Анасының айтуынша, үшемнің кішкентайы жейдемен туған.
Қызылорда облысы бойынша өткен жылы 11000-нан аса сәби дүниеге келсе, оның 151-і – егіз, 3-еуі үшем, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Үшемді дүниеге әкелген 28 жастағы Қызылорда қаласының тұрғыны Ақбота Әбсаттар қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінде бас маман болып жұмыс істейді. Үшемге дейін оның 2 жастағы ұлы бар.
"Бұл мен үшін күтпеген жаңалық болды. Қуаныш сезімі мен қорқыныш сезімі бойымда болғанын жасырмаймын, жүктілік қалай өтеді екен, балалардың дамуы, жетілуі қалай болады екен деп уайымдадым", – деді Ақбота Абсаттар.
Үшем 2023 жылдың 8 желтоқсан күні дүниеге келген. Дәрігерлер ұл мен екі қыз бала жүктіліктің 33-ші аптасында өмір есігін ашқанын айтты.
Нәрестелер туған кезде салмағы 1 830 грамм, 1 670 грамм, 1 200 грамм болған. Шақалақтарды 1 айға жуық Қызылорда облыстық перинаталдық орталығы дәрігерлері жіті бақылауында ұстаған. Сәбилердің есімін ата-әжесі Әлинұр, Адина, Медина деп қойыпты.
Ақбота Абсаттар өзінің жүктілігі туралы 6-шы аптада білгенін айтады. Дәрігерлер алғашқы тексеруде егіз болуы мүмкін екенін болжаған, бірақ 8-ші аптада үшем екенін растапты.
"Үшемге жүкті болғысы келетін әйелдерге жұғысты болсын. Ол үшін әйел адам өзіне қарап, күтініп жүруі керек және айналасындағылардан көмек сұрауға ұялмау керек, себебі 1 баланы дүниеге алып келудің өзі қиын, ал үшемге аяғы ауыр болатын болса, денсаулыққа 3 есе жүк түседі", – деді ол.
Айта кетейік, Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында 2023 жылы 11 133 нәресте дүниеге келген. Оның ішінде 151 егіз және 3 үшем болды.