Әлеуметтік желіде жасөспірімді белгісіз азаматтардың ұрып-соғып жатқаны жөнінде бейнекөрініс жарияланған еді.
Осы мақсатта Қазалы аудандық полиция бөлімі қосымша тексеру және әлеуметтік желілерде мониторинг жүргізді.
Нәтижесінде, бейнероликте көрсетілген кәмелетке толмағанды ұрып-соққан адамдар анықталған.
"Бұл бойынша Қазалы ауданы полиция бөлімінің сотқа дейiнгi тергеп тексерудің біріңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігімен (бұзақылық) іс тіркелді. Тергеу жүріп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдіктілер полиция бөліміне жеткізілді", - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Қазалы ауданының әкімдігі төбелеске қатысты анықтау шаралары жүргізілгенін хабарлады.
"Кәмелетке толмаған баланы жабылып соққыға жыққан Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейдің 5 оқушысы екені белгілі болды. Олар 7 сәуірде аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Қазір соққыға жығылған бала ауруханада ем қабылдап жатыр. Жағдайы бірқалыпты", - деп мәлім етті аудан әкімдігінен.