Қызылордада ЖРВИ-мен ауырған балалар саны 65 пайыздан асты

Мұны мамандар күн райының құбылмалы болуымен байланыстырады.

Қызылордада ЖРВИ-мен ауырған балалар саны 65 пайыздан асты Фото: pixabay.com

Вирустың алдын алу мақсатында аймаққа 85 мыңға жуық вакцина дозасы әкелінсе, осы күні 35 мыңдай адам тұмауға қарсы екпе алып үлгерген. 

Жалпы, жыл басынан бері облыс көлемінде жедел респираторлы вирусты инфекциясының 33456 жағдайы тіркеліп отыр. Ең өкініштісі, ауруға шалдыққандардың 65,6 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Вирустың бірнеше түрі кең таралуда

Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Мирзанова ЖРВИ және тұмаумен ауырған науқастарды емдеуге 315 төсек-орын дайындалғаны туралы мәлімет берді. 

- Қазіргі таңда ЖРВИ-дың аурушандық көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда жоғарылағаны байқалады. Әсіресе, балалар арасында тұмаудың бірнеше түрі кең таралуда. Тұмау және жедел респираторлы вирусты инфекцияның алдын алу мақсатында арнайы кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді. Одан бөлек, күнделікті мониторинг жұмыстары да жүргізілуде. Жалпы, облыс бойынша ЖРВИ жəне тұмаумен ауыратын науқастарды емдеуге барлығы – 315 төсек-орын дайындалды және қажетті дәрі-дәрмек қоры әзірленді. Күзгі мезгілде тұмау вирусы өршіп, аурушандық көрсеткіші көбейеді. Сондықтан тұрғындар көпшілік баратын орындарда сақтық ережелерін ұстанып, тұмауға қарсы дәрумендер қабылдағаны жөн. Сондай-ақ, ЖРВИ-ға қарсы вакцинация қабылдағаны абзал. Осы екпе арқылы адам ағзасы вируспен күресіп, одан жеңіл өтуге ықпал етеді, - деді ол.

Тұмау жас талғамай тұр

Мамандар облысқа "Гриппол плюс" вакцинасын әкелгенін айтады. Мұндай күн райының құбылмалы шағында тұмаудың асқынатыны да белгілі жайт. Сондықтан, ДДСҰ ұсынған вакцинация инфекцияны айналып өтудің таптырмас амалы екенін еске салады. Осы күні облыста кішкентай балалардан бастап, қарттар да вирустың "құрығына" ілініп отыр. 

- Тұмау вирусы көптеген елде эпидемиялық сипатта таралатын жаһандық инфекция ретінде танылған. Оның эпидемиологиялық маусымы күз, қыс және көктем мезгілдеріне сәйкес келеді. ДДСҰ халықты тұмаудан қорғанудың тиімді әдісі ретінде оған қарсы вакцинациялауды ұсынады. Осы мақсатта биыл аймаққа Ресей елінде өндірілген "Гриппол плюс" вакцинасының 84430 дозасы әкелінді. Бүгінде 34969 адам тұмауға қарсы екпе қабылдап, қорғаныш қабілетін күшейтті. Қазіргі таңда ең жиі кездесетін тұмаудың асқынған түрі – пневмония болып отыр. Басқа да жиі кездесетін асқынулар бар. Олар – бронхит, синусит, отит, миозит, миокардит сынды түрлері. Бұл аурулар 2 жасқа дейінгі балалар мен созылмалы ауруы бар науқастарда, қарттар арасында ауыр түрде өтеді. Сондықтан, респираторлық аурулардың бірінші белгілері пайда болғаннан бастап аймақтық дәрігерлерді шақыртып, дер кезінде ем алу қажет, - деді Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова. 

Вакцина бірінші кімдерге салынады?

Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мұхамбетова 5 жасқа дейінгі балаларда жалпы аурушаңдық басым екенін айтып дабыл қағуда. Ол облыста балалар арасында тұмаумен қатар, қызылша ауруы да көбейгенін жеткізді. 

- Қазіргі таңда ЖРВИ-мен қатар қызылша ауруына шалдыққандар көбейіп барады. Оның ішінде бұл вирус 1-5 жас аралығындағы балалар арасында жиі кездеседі. Сондықтан қызылшаға қарсы екпе алу өте маңызды. Бұл аталмыш ауру ауа арқылы таралатын болғандықтан жұқтыру қаупі өте жоғары. Әсіресе, жүкті әйелдер мен қарт кісілерде қызылша ауруы ауыр жағдайда өтеді. Қазіргі таңда облыс бойынша 162 науқас стационарлық ем қабылдауда, ал ауыр жағдайдағы 5 науқас дәрігерлердің бақылауында. Осы ретте тұрғындардан барынша сақтануға және дер кезінде қызылшаға қарсы екпе алуға шақырамыз, - деді дәрігер.

Дәрігерлер вакцина ең алдымен медицина қызметкерлері мен медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған жеткіншектерге берілетінін айтты. Бұл тізімге балалар үйлерінің және сәбилер үйінің тәрбиеленушілері, қарттар үйінде тұратын азаматтар да кіреді. Жалпы, инфекцияның алдын алу эпидемиологиялық көрсетілім бойынша жүзеге асады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу