Қызылордадағы Қорқыт Ата әуежайында жаңа терминал салынады

730

Бұл жолаушылар ағымын екі есе арттырады. Бұл мақсатта Қызылорда облысының әкімдігі Болат Өтемұратов қорымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. 

Қызылордадағы Қорқыт Ата әуежайында жаңа терминал салынады

Келісімнің мақсаты – заманауи халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жолаушылар ағымын өткізу қабілетін кеңейтетін жаңа әуежай терминалын салу. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Жаңғыртудан кейін әуежай сағатына 300 жолаушыға қызмет көрсете алады, бұл жолаушылар ағымын екі есе арттырады. Қор жобаны толығымен қаржыландыруды көздеп отыр. Оның басталуы 2022 жылға жоспарланған. Жаңа терминал 3,9 гектар аумақта орналасады. Құрылыс аяқталған соң терминал Қызылорда облысы әкімдігінің басқаруына беріледі", – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының айтуынша, әуежайды кеңейту көптен бері талқыланып келе жатқан өзекті мәселе. 

"Жаңа әуежай құрылысына біраз қаржы жұмсалмақ. Сондықтан біз қолданыстағы инфрақұрылымды кеңейтіп, халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, жаңа терминал салу ең қолайлы шешім болады деп санаймыз", – деді Гүлшара Әбдіқалықова. 

Бұған қоса әкім ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен әуежайды "Ашық аспан" режиміне қосу бойынша уағдаластыққа қол жеткізілгенін де атап өтті. 

"Биылғы желтоқсан айынан бастап "NordwindAirlines" Авиакомпаниясы тарапынан "Санкт-Петербург-Қызылорда-Санкт-Петербург" бағыты бойынша аптасына 1 рейс қатынайды деп жоспарлануда", – деп түйіндеді аймақ басшысы. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу