Қызылордадан Алматыға аттанды

1063

Қызылордадан Алматыға аттанды

Қызылорда қаласында 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданың алауы жағылды.

Қызылорда қаласы бойынша эстафета бағытының ұзындығы 12 шақырымды құрады. Әр алаугер шамамен 200 метрді жүгіріп өтті. Эстафета алауын 60 адам ұстады.

Алаудың бірінші кезеңі Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы саябақтан басталды. Бұл кезеңге 35 алаугер қатысты. Эстафетаны алғашқы болып облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастады. Әкімнен эстафетаны ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Александр Зайчиков қабылдады.

Эстафета Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойымен жалғасып, Жібек жолы, Абай даңғылы арқылы "Болашақ" университетіне жеткізілді. Мұнда  І кезеңнің аяқталуына байланысты мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылды. Екінші кезеңі "Ақмешіт" гуманитарлық-техникалық институты жанынан, Бұқарбай батыр ескерткіші алдында басталды. Бұл кезеңге  25  алаугер қатысты.

Эстафета Ғ.Мұратбаев көшесінен басталып,  Желтоқсан  көшесі арқылы Алау салтанаты өткізілетін Қорқыт ата атындағы ҚМУ маңайынан Орталық алаңдағы межеге жетті. Алау отын мәнерлеп сырғанаудан жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Элизабет Тұрсынбаева жақты.

Орталық алаңда Алау салтанатын тамашалауға келген көпшілікке гала-концерт ұйымдастырылды.

Шара соңында  "Дэви шамына" салынған алауды Элизабет Тұрсынбаева Универсиада серіктесі ""Эйр Астана" АҚ ұшағымен Алматыға алып кетті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу