Бақша өнімдерінен тосап қайнатып, шырын шығаратын отбасы алдағы уақытта кәсібін барынша кеңейтіп көрмек, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қызылорда облысы, Шиелі ауданына қарасты Бидайкөл ауылындағы Барлыбаевтар әулеті жеміс-жидектерді өсірумен қатар, оларды өңдеуді де кәсіпке айналдырған.
Әуелі өз ақшасына кәсіпкерлік мақсатта ғимарат салған Қанат Барлыбайұлы 2023 жылы "Ауыл аманаты" жобасымен жеңілдікпен несие алып, көкөністерді өңдеуді бастайды. Әкесінің кәсібіне қызыққан 25 жастағы Ертуған өзінің идеясын да жүзеге асырмақ болады. Оның негізгі мамандығы – инженер, машина құрастыруға маманданған жан.
Қанат Барлыбайұлы кәсіпке бет бұрғысы келген ұлына қолдау көрсетіп, ғимаратынан арнайы орын берген. Осылайша, Ертуған Қанатұлы бақша өнімдерінен тосап қайнатып, шырын әзірлеуді көздейді. Осы мақсатта арнайы жеңілдетілген несие де алады.
– Былтыр өңірде кәсіпкерлікті қолдау мақсатында облыс әкімінің тапсырмасымен пилот жоба жүзеге асырылып жатқанын естідім. Ол үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлініпті. Бағымды сынап көрмек болып қажет құжаттарды жинап тапсырдым. Орталық өтінішімді қолдап, кәсіпке қажет қаржыға қол жеткізе алдым, – дейді Ертуған Барлыбаев.
Жас кәсіпкер қажет-құрал жабдықтарды Ресейден алдырады екен. Былтыр күзде өнімдерін шығарып бастады.
– Әзірге қауын, қарбыз, қызанақ тосаптарын шығарып жатырмыз. Сертификатталған. "Қауын балы", "қарбыз балы", "қызанақ тосабы" атауымен өнімдерімізді халыққа ұсынудамыз, Алдағы уақытта шие, өрік, жүзімнен де тосап дайындау жоспарда бар. Бұдан өзге биыл қызанақ, қауын, қарбыз шырындарын шығаруды ойластырып жатырмыз, – дейді жас кәсіпкер.
Әкелі-балалы Барлыбаевтар бүгінде 10-нан астам өнім түрін шығарып жатыр. Өнімдері Қызылорда қаласынан өзге аудандардың дүкендерінде сатылымда бар.
– Өнімдерімізге сұраныс жоғары. Қызылорда облысынан өзге Қарағанды, Павлодар облыстары мен Астана қаласынан тапсырыстар түсуде. Қазір өзіміз жеткізіп жатырмыз, – дейді ол.
Жеңілдетілген несие алып, кәсібін кеңейткен соң кейін Барлыбаевтардың өндірген өнімі де екі есе өскен. Былтырдың өзінде 100 000 данадан артық өнімді тұтынушыларға ұсынғанын айтады. Бүгінде 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жас кәсіпкер Ертуған Барлыбаевтың жобасы аясында 5 адам жұмыс істейді.