Қызылордадан Париж Олимпиадасына қай спортшылар барады?

Әзірге 4 лицензия қоржында тұр. 

Қызылордадан Париж Олимпиадасына қай спортшылар барады? Фото: Сыр спорты парақшасынан

Жолдама алмаған, бірақ әлемдік рейтингте де, Олимпиадалық рейтингте де көш бастап тұрған сырбойылық спортшылар бар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бүгінгі күні ХХХІІІ жазғы Париж Олимпиадасына баратын қызылордалықтардың көшін Қамшыбек Қоңқабаев бастағаны белгілі. Аса ауыр салмақта сынға түсетін боксшының Олимпиададан соң үлкен спортпен қош айтысатыны жиі айтылып жүр. Сондықтан, биыл Қамшыбек қамшыны басып, қалайда Олимп шыңын бағындыруға ниетті. 

Дүбірлі дода паралимпиадаға жалғасатыны белгілі. Отырып ойнау волейболынан қызылордалық 3 спортшы Париж ойындарына жолдама алып үлгерді. Олар – Эрик Қасқабаев, Шыңғыс Медеуов және Ерасыл Әбдібек. 

Париж Олимпиадасына және паралимпиада жолдамасына үміткер спортшылар қатарында грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали, дзюдодан Мағжан Шамшадин, Абылайхан Жұбаназар, Нұрлыхан Шархандар бар. Сондай-ақ, стенд атудан Айжан Досмағанбетова мен Әлішер Айсалбаевтың көрсеткіші жаман емес. Парадзюдодан Олжас Оразалыұлы әлемдік рейтингте де, Олимпиадалық рейтингте де 1-орында тұр. 

Әрине, бұл тізімді әлі де жалғастыруға болады. Өйткені, алда лицензиялық турнирлер бар. Десе де, Қызылорда облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Сыр дзюдошыларының рейтингтегі реңі жақсы екенін байқаймыз. Мұны спорт сарапшысы Айбек Шәудірбайұлы да растап отыр. 

- "Қазақстан ұлттық құрамасынан Париж олимпиадасына қай облыстың дзюдошылары баруы мүмкін?" деген сауалға жауап іздеп көрген едім. Сондай-ақ, рейтингке де көз жүгірттім. Сырбойылық дзюдошылардың қарымы мықты көрінді. Мысалы, 60 келідегі рейтингте 12-орында Мағжан Шамшадин (Қызылорда), 19-орында Нұрқанат Серікбаев (Жамбыл) бар. 66 келіде 15-орын Ғұсман Қырғызбаевқа тиесілі (Алматы қ.), 73 келіде 16-орында Данияр Шамшаев (Жамбыл) тұр. 81 келіде Абылайхан Жұбаназар (Қызылорда), 100 келіде Нұрлыхан Шархан (Қызылорда) үздік жиырмалыққа кірген, - дейді ол.

Журналист рейтингтегі үздік 20-лыққа кірген дзюдошыларға басымдық бергенін айтады. Дей тұрғанымен, ол лицензиялық турнирде түрлі-түрлі сенсацияның болатынын жеткізді. 

Жалпы, Қызылорда облысынан соңғы Токио Олимпиадасында (Жапония-2020) қола жүлдені боксшы Қамшыбек Қоңқабаев мойынға тақты. Егер ол биыл да жүлдегерлер сапынан табылса, Сыр спортының Олимпиада тарихындағы қос медаль еншілеген тұңғыш спортшысы атанады.

Еске салайық, бұған дейін қызылордалық ауыр атлетші Илья Ильин қос алтынынан допинг дауына байланысты айырылған болатын. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу