Қызылордалық азамат сирек мамандықты кәсіп етіп жүр

1171

Кәсіпке қызығушылық білдірген студенттер Нұрәлі Амановқа келіп, шеберліктің қыр-сырын меңгеріп жүр.

Қызылордалық азамат сирек мамандықты кәсіп етіп жүр

Жаңақорған ауданының тумасы Нұрәлі Аманов есімді шебер мешіт күмбезін жасаумен айналысады.

Ол бұған дейін Төменарықтың Әл-Хақ, Шалқия, Қыраш, Жаңаауыл, Құттықожа ауылдарының мешіттеріне күмбез орнатқан болатын. Енді Кейден ауылынан да тапсырыс түсіпті. Орташа күмбездердің биіктігі 4,5 метр, диаметрі 5 метрден болады. Қазіргі жасап жатқан күмбезінің киіз үй секілді қанаты 32-ге жетеді. Оның әрқайсысын асықпай иіп, кіріктіріп, дәнекерлеу ұзақ уақыт алатыны түсінікті. Дегенмен, дәнекерлеу жұмысымен 15 жылдан бері айналысып келе жатқан Нұрәліге тапсырыс түсуі тегіннен емес. Ол бұған дейін кент тұрғындарының сұрауымен есік-терезе, қақпа секілді темір бұйымдарды қазақтың әсем ою өрнектерімен жасап келеді. Жаңақорғандағы №125 мектепті бітірген соң Шымкент агротехникалық колледжінің дәнекерлеу мамандығын таңдады. Себебі, әкесі Құрбан да темірден түйін түйетін ұста, автомеханик болса, анасы Ұлтуар бармағынан бал тамған аспаз. Ата-анасынан көрген-білгенін жалғастырған Нұрәлінің жасаған бұйымдары тұрғындардың көңілінен шығуда.

"Өзім қазақылықты ұнатамын. Салт-дәстүрді құрметтеймін. Сондықтан үнемі қазақтың ою-өрнегін, қара шаңырағын әрлеу жұмысына қосамын. Бізге агро-колледжден жыл сайын шәкірттер келіп, шеберлік сынып өткізеді. Жуырда 10 студент келіп, дәнекерлеуден тәжірибесін арттырып, кәсіпке деген қызығушылығын білдірді. Әрине, біз мұндай алға ұмтылып үнемі ізденетін жастарды қолдаймыз", – дейді.

Ескендір Ертай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу