Қызылордалық бойжеткеннің Астанадағы өлімі: полиция тергеу бастады

113

Қызылордадан Астанаға жұмыс іздеп барған бойжеткеннің қазасына қатысты тергеу басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Қызылордалық бойжеткеннің Астанадағы өлімі: полиция тергеу бастады Фото: ЖИ

Марқұмның құрбысының айтуынша, Назым 26 тамызда қайтыс болған. Алдын ала ақпаратта бойжеткеннің өз-өзіне қол жұмсағаны айтылғанымен, оның жақындары бұл нұсқаға күмән келтіріп отыр.

Құрбысының әлеуметтік желідегі жазбасында Назым Астанада Аяулым есімді жерлесімен араласқаны және соңғы уақыттарын онымен бірге өткізгені айтылған. Қайғылы жағдай болған түні де екеуі бірге болған.

Марқұмның достары әлеуметтік желіге жариялаған бейнежазбада Назымның пәтердің емес, подъездегі терезеден құлағаны және үйден жалаңаяқ шыққаны көрінеді деп мәлімдеген. Сондай-ақ жедел жәрдемнің оқиғадан шамамен бір сағат өткен соң шақырылғаны да сұрақ туғызып отыр. Туыстары мен достары Назымның өзіне қол жұмсағанына сенбейтіндерін айтып, оқиғаның мән-жайын толық анықтауды талап етуде.

Осы жағдайға байланысты Астана қаласының полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын растады.

Полиция мәліметінше, Есіл аудандық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" дерегімен сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары мен сот сараптамалары жүргізіліп жатыр.

Құқық қорғау органдары әзірге күдікті анықталмағанын хабарлады. Тергеу барысына қатысты басқа мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу