Қызылордалық ғалымдар өнімділігі жоғары қауын сортын шығармақ

972

Жаңа сорт 1 гектардан 50-60 тоннаға дейін өнім бермек.

Қызылордалық ғалымдар өнімділігі жоғары қауын сортын шығармақ

Қызылорда қаласындағы Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары кезіндегі "Күләбі" қауыны секілді жоғары сортты қауын өсіріп шығаруға ден қойып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Институттың бас директоры Серікбай Өмірзақов аталмыш мекеме мамандары тек күріш сорттарын ғана емес, бақша өнімдеріне де мән беріп келе жатқанын айтады. Мәселен, жергілікті ғалымдар соңғы үш жылдан бері қауынның 60-қа жуық сортын тамшылатып суару әдісімен тәжірибеден өткізуде.

"Ресей, Өзбекстан, Украина және Иран сорттарымен қатар жергілікті ғалымдар өздері ашқан жаңа сорттар да сынақтан өтіп жатыр. Басты мақсат – өнімдігілі жоғары, сапалы тұқым сортын дайындау", – дейді бас директордың орынбасары Әсет Тоқтамысов.

Бүгінде институттың арнайы тәжірибе алаңында 500 гектардай егістік алқап бар. Онда күріштің 17 сорты өсірілуде. Мұндағы мақсат – нарықта сұранысқа ие, экспортқа шығарылатын өнім түрлерін өндіріске енгізу. Осы бағытта Иран, Өзбекстан, Ресей елдерінен әкелінген күріш сорттарын жергілікті жердің ерекшелігіне сай бейімдеу.

Айта кетейік, аталған институт ғалымдарының "Маржан" сорты еліміздегі күріш егісінің жартысынан астамына егіліп, шет елдерде де кеңінен танылған. Сырдың тұзды топырағына төзімді күріш сортына әлі де сұраныс бар. Сондай-ақ, соңғы жылдары шығарылған "Ай Керім", "Сыр сұлуы" күріші және "Алтын арай", "Зарина" аталатын бидай сорттары өзге сорттарға қарағанда біркелкі, биік әрі тығыз өседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу