Қызылордалық ғалымдар полиэтилен пакеттерін пайдалы полимермен алмастырды

1671

Қызылордалық ғалымдар полиэтилен пакеттерін пайдалы полимермен алмастырды

Таяуда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің инженерлік бейіндегі "Физика-химиялық талдау әдістері" зертханасының жетекші ғылыми қызметкері, химия ғылымдарының кандидаты Клара Дәрмағамбеттің бастамасымен полимер қабықшалары (пленка) жасалды. Бұл туралы қала әкімінің ресми сайты жазып отыр.

Бұл үдеріс зертхана жұмысының бір бағыты саналатын нанокомпозиттер алу мүмкіндігі бойынша жүзеге асып отыр. Бүгінде нанокомпозиттер өндірісі ғылымдағы коммерциялық қызығушылық туғызған жаңа саланың бірі ретінде танылып келеді.

– Біз табиғи полимер негізіндегі крахмалды және мұнайдан алынатын өнім – глицеринді, Қызылорда облысы аймағынан табылған минералды шикізат – глауконитті  пайдалану арқылы әр түрлі құрамдағы нанокомпозиттер алуды көздеп отырмыз. Қазіргі таңда биологиялық ыдырайтын қабықшалар нанотехнологияның бір саласы болып есептеледі. Тағам қабықшалары ретінде қолданылатын биополимерлер жерге түскеннен кейін ыдырап, топырақты құнарлы етеді. Қазір табиғатқа тек пайдасын тигізетін заттарды өндіріске енгізу мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр, – дейді жоба жетекшісі.

Қазіргі қолданыстағы полиэтиленді пакеттер қоқысқа тасталғаннан кейін 10-20 жыл бойы құрамын өзгертпейді.Олар ыдырамайды, бұзылмайды. Құрамындағы заттардың да пайдасы жоқ. Ал глаукониттің бойында калий, натрий, фосфор, азот секілді жердің құнарлылығын арттыратын биогенді элементтер бар. Сондықтан да, полимерлі пакеттер топыраққа түскен соң шіріп, оның қоспалары тыңайтқыш қызметін атқарады. Бұл минералдың биологиялық ерекшелігі де сонда.

Қызылордалық ғалымдар ыдырайтын қабықшалардың құрамын одан әрі зерттеп,  түрлі дүниелер өндіруді көздеп отыр. Глауконитті биологиялық белсенді қоспа ретінде қарастырып, дәрі-дәрмек жасау да жоспарларында бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу