Қызылордалық келіншек ерекше бизнесті бастады

Бұл кәсіпке қаржы үнемдеу мақсатымен келген. 

Қызылордалық келіншек ерекше бизнесті бастады Фото: кейіпкерден

Тәулігіне 3000 дана өнім өндіретін аппаратты Ақтөбе қаласынан әкеліпті.

Бүгінде кәсіпкер 2 адамды жұмыспен қамтып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Кейіпкеріміз Ақбала Шүйіншәлі өткен жылы "Ауыл аманаты" жобасы аясында жеңілдетілген несие алған. Осылайша, Ақтөбеден пластик бөтелкелер шығаратын Ресейдің "Техноиндустрия" компаниясының жабдығына қол жеткізіп, ерекше бизнеске бет бұрған.

Ол 10 жылдан бері кәсіппен айналысып келеді. Бүгінде кәсіпкердің жеке аралас дүкені Қазалы ауданының халқына қызмет көрсетіп жатыр. Дүкенінде құйылмалы сусын сататындықтан, өзге аймақтардан пластикалық ыдысқа тапсырыс беруге мәжбүр болыпты. Бөтелкенің бір данасын 65 теңгеден сатып алып отырған. Сондықтан жан-жақты ізденіп, өзі осы кәсіпті бастауды қолға алып отыр.

"Бүгінде біз пластикалық бөтелкелердің 0,5 және 5 литр көлемдегілерін шығарып жатырмыз. Алғашында 1,5-2 литрлігінен 500 данасын шығардық. Жалпы, бұл құрылғы 1 сағатта 500-600 данасын өндіреді. Бір күнде 3000-ға дейінгі өнімді дайын ете алады. Бөтелкелерге арналған қақпақ пен шикізатты Алматыдан тапсырыспен алдырып отырмыз", - дейді ол.

Қазіргі таңда арнайы бағдарлама арқылы ашқан кәсібі арқылы 2 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсібін кеңейтуді де ойлайды. Жаңа идеялары көп еңбекқор келіншек алдағы уақытта дәмхана мен өзге де өндіріс орнын ашуды жоспарлап отырғандығын жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу