Қызылордалық оқушы күріштен бірнеше косметикалық өнім жасады

Ол осы жобасы арқылы республикалық конкурстан олжалы оралып отыр. Қызылордалық жас ғалым болашақта химикатсыз экоөнімдерді арнайы зауыттарда өндіруді көздейді. 

Қызылордалық оқушы күріштен бірнеше косметикалық өнім жасады Фото: Кейіпкерден

Білім мен біліктілікті ұштастырған ұстаз бен шәкірт күріш ұнтағының теріге пайдасы көп екенін айтады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Бұл тақырыпты биология пәні мұғалімі, жетекшім Мөлдір Жандосқызының кеңесімен бірге таңдадық. Жалпы, қазіргі таңда қыз-келіншектер үй жағдайында косметикалық өнімдерді жасай бермейді, сондықтан мен күріш өзекті мәселе болғандықтан, күріш ұнтағынан, қайнатпасынан бірнеше бетке арналған маска, скраб, крем, шашқа спрей, тонер, сыворотка, энзимная пудра, ваннаға арналған бомба, сабын түрлерін жасауды ұйғардым. Күріштің құрамында шаштың, тырнақтың және терінің күйіне оң әсер ететін дәрумендер, аминқышқылдар мен микроэлементтер бар. Бұл экоөнімдердің ерекшелігі ол терінің кез келген түріне сәйкес келеді. Күріш майы теріні ылғалдандыруға көмектеседі. Күріш қосылған маскалар мен скрабтар майлы теріге арналған тамаша косметикалық шешім. Күріш ұнтағы терінің қызметін жақсартуға көмектеседі, тазарту үшін қолданылады. Бет терісін жақсартады, оны ағартады", - дейді Гүлназ Тағыберген. 

Қызылорда қаласындағы Әли Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Гүлназ Тағыберген жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық зерттеу жобалар конкурсының қорытынды кезеңінен 1-орын иеленген. Жоба жетекшісі, биология пәнінің мұғалімі Мөлдір Жандосқызы оқушысының ізденіске құмар екенін айтты. 

"Гүлназ – үздік оқушымның бірі. Сондықтан, ғылыми жобаға осы оқушыны таңдадым. Дайындық барысында біз тақырыпқа байланысты мәліметтер жинастырдық. Жалпы, "зерттеу жұмысын қалай жүргіземіз, қалай орындаймыз?" деген сауалдар болды. Содан кейін бастап кеттік", - дейді ол.

Тырнақ пен шаштың өсуіне де көмектесетін экоөнімдерді жасауды жоба иелері тоқтатпайтынын айтып отыр. 

"Күріштің косметика саласында пайдалы жақтарын білдім. Күріштен жасалатын экоөнімдер барлық адамның бет терісіне өте пайдалы. Ешқандай химикатсыз жасалатын бұл өнімдерді болашақта арнайы зауыттарда өндіріп, ел игілігіне қолдану керек деп ойлаймын", - деп сөзін жалғастырды жас ғалым. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу