Тіпті, осы күні бақта грек жаңғағы жемісін беріп тұр. 2-3 түп анар көшеті де жерсінген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Наурызбек Айымбетов – атадан балаға мирас болып қалған кәсіпті жалғастырушы. Бүгінде Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы тұрғындарын қал-қадірінше қызанақ және қиярмен қамтамасыз етіп отыр. Біршеше жыл нәпақасын құрылыстан тапқан ол атакәсіппен айналысып, бизнеске түбегейлі бет бұруға болатынын түсінген.
- Бау-бақша саласында кеңес айтатын да, жол көрсететін де – әуелі әкем. Ол кісі Өзбекстан, Тәшкен көрген. Біз – сол жақтан қоныс аударып келген қандаспыз. Ол жақта анар ағашы болған. Кішкентаймыздан есік алдынан сол анарды жеп өскенбіз. Бау-бақша өсіру – біздің атакәсібіміз. Соны қайта қолға алып жатырмыз, - дейді ол.
Шыны керек, облыс аумағында банан, лимон секілді өңірімізге жат саналатын жемістерді өсіріп жатқандар жайлы естісек те, анар көшетін, грек жаңғағын жерсіндіргендер жайлы мәлімет жоқтың қасы. Сондықтан, кейіпкерімізден осы жемістердің жайын, күтімін сұрадық.
- Грек жаңғағын әкем отырғызған. Мұның ауламда 3-4 түрі бар. Бәрі сол қызығушылықтан басталды. Бақшада түрлі-түрлі жеміс болғандықтан, анарды да егіп көрейік дедік. Грек жаңғағын да, анар ағашын да "Жаңақорғанның топырағында жерсінбейді" дегендер өте көп болды. Грек жаңғағы былтырдан бері өнімді болып жатыр, биыл тіпті жақсы түйнек салды. Анардың көшетін былтыр ектік, гүлдеді, бірақ гүлін тастап қойды. Осы кезде бір қыстап шықты. Көшетті Жаңақорған ауданындағы тұқымбақтан алдық. Ұмытпасам, сатқан кісі Шымкент қаласынан алып келгенін айтқан болуы керек. Мұның күтімі жүзімге ұқсас. Қызылорданың суығында тамыры үсіп кетпеуі керек, сондықтан топыраққа көміп тастаймыз. Анар көшеті алғашқы жылы өнім бермейді екен, оны сұрастырып білдім. Жалпы, анар туралы деректерді енді-енді жинап жатырмын. Алдағы қыста тамырын дұрыстап көміп, келесі жылға аман алып шығуым керек. Сонда толық өнім береді, - дейді ол.
Айымбетовтердің негізгі отбасылық кәсібі – қияр мен қызанақ егу. Өткен жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 4 миллионға жуық несие алып, жылыжай жұмысын жандандырыпты. Алдағы уақытта әкімдіктен жер алып, кәсібін кеңейтуді де көздеп отыр.
- Бау-бақша егу үшін әкімшіліктен жер сұрап отырмыз. Жеміс егу бір ғана кезеңнен тұрмайды. Оның күтімі ерекше болуы керек. Әр этаптан жақсы өтуі үшін барымызды саламыз. Көшеттерді бір температурада ұстау да оңай емес. Жаңадан салынатын жылыжайда негізгі өнім – қызанақ пен қияр болады. Себебі, ауданды аталған көкөністермен қамтамасыз етуіміз керек. Өйткені, әлгінде айтқан жаңғақ, анар, лимон ағаштары өз-өзін ақтай алмайды, олардан пайда түсіру де қиын. Сондықтан, әкімшіліктен жер берілсе, ары қарай әрекетке байланысты көре береміз, - деп сөзін жалғастырды ол.
Бағбан анар мен грек жаңғағын көбейтуді басты назарға алмайтынын қайталап айтты. Себебі, ол үлкен көлемді жерді қажет етеді әрі өнімділігін алдын ала білу де қиын. Бірақ, лимон көшетін егіп, оны көбейту ойында бар екен.