Биылғы ел біріншілігінде 216 боксшы 13 салмақ дәрежесінде сынға түскен болатын.
Байрақты бәсекеде Сыр өңірінің спортшысы да бақ сынады. Қызылордалық 54 келідегі Нұрсұлтан Алтынбек ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионы атанды.
2003 жылы туған жас боксшы Нұрсұлтан Алтынбек Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенті. Сондай-ақ Халықаралық деңгейдегі спорт шебері.
Бұған дейін жас спортшы 2019 жылы жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы атағын иеленген. Сонымен қатар сол жылы жасөспірімдер арасында Азияның күміс жүлдегері атанған. Боксшы өткен жылы бокстан жастар арасында Қазақстан чемпионы атанса, осы жылы Дубай қаласында өткен бокстан жастар арасындағы Азия чемпионы болды. Сондай-ақ өткен жылы ересектер арасында өткен Қазақстанның қола жүлдегері және басқа да халықаралық турнирлердің жеңімпазы атағына ие болды.