Оның "гір көтеру спортын дамытамын, ауыл жастарын спортқа тәбиелеймін" деген арманына тосқауылдар аз болмай тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Бала би ауылындағы гір тасын көтеру спортының жаттықтырушысы Шерхан Бекмұхамед талантты спортшылар өзге облыстың намысын қорғауға мәжбүр екенін айтып отыр.
"Осы күні Қызылорда облысымызда гір спорты қарқынды дамуда. Оның ішінде Шиелі ауданы спортшыларының жетіп жатқан жетістіктері аз емес. Шәкіттеріміздің ҚР чемпионаттарында мерейі үстем саналуда. Кішкене ғана мектебіміздің спорт залынан шыққан спортшыларымыз үлкен қалаларда бағын сынап жатыр. Гір спортынан арнайы штаттық үйірме болмаған соң мықтыларымыз Астана қаласында өзінің дайындығын шыңдауға мәжбүр. Атап айтсақ, Қыдырәлі Дарын бүгінде Астана құрамасымен биік шыңдарды бағындыруда", - дейді ол.
Гір тасын көтеру спортының жаттықтырушысы ауыл балаларының спортқа деген құмарлығы басым екенін жеткізді. Нәтиже де бар, енді тек қолдау керек.
"Жастардың гір спортына деген қызығушылығы артып жатыр. Кішкене ғана мектебіміздің залында 20-ға жуық оқушы салауатты өмір салтын ұстанып, гір спортының қыр-сырын үйренген еді. Осы жылдың өзінде 2 спортшымыз Астана қаласында өткен жарыста бағын сынап келді. Наурыз айының 7-сі күні Бағдаулет Бақытжанұлы Тараз қаласында өтетін жарыста спорт шеберіне үміткер деген атақ үшін сынға түседі", - дейді Шерхан Бекмұхамед.
Жалпы, Бала би ауылындағы гір спортының дамуына үлес қосқан аға жаттықтырушы Қабланбек Назарбековты жерлестері ерекше мақтан тұтады, жер-жерде айта жүреді.
Осындай тәжірибелі бапкердің тәлімін, тәрбиесін көрген шәкірті де осы Шерхан Бекмұхамед болатын.
Бұған дейін "Дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері №50 Абай атындағы орта мектептің спорт залында кешкі сағат 18:30-20:30 аралығында жаттығу жұмыстарын жүргіземіз" деген спортшы әрі бапкер осы күні штаттық бірлік болмағандықтан әрі дайындалатын жердің жоқтығынан жаттығу жұмыстары тоқтап тұрғанына налиды.