Қызылордалықтар қысқы спорт түрінен жаттықтырушы таппай отыр

Бұған дейін ресейлік, украиналық мамандар жұмыс істеген. 

Қызылордалықтар қысқы спорт түрінен жаттықтырушы таппай отыр Фото: pixabay.com

Осы күні балаларда ынта бар, бірақ жаттықтырушы жоқ. 

Себебі, спорт мектебі ұсынған 200 мың теңгеге жаттықтырушылар қызығушылық танытпай отқан көрінеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Біздің балалар "Мұз айдынында" мәнерлеп сырғанау спорт түріне қатысады. 2023 жылдың кыркүйегінен бастап бізде тренер жоқ" деген ата-аналар балаларының үйірмеге босқа барып-қайтып жүргенін жеткізді. 

Аталған жайтты Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының баспасөз қызметі де растады.

- Ата-аналардың көтеріп отырған мәселесі орынды. Алайда конькимен мәнерлеп сырғанау бөлімшесі ашылған күннен бастап бұл спорт түріне жаттықтырушылар Ресей мен Украина елінен келіп жұмыс істеп келді.

2020 жылы конькимен мәнерлеп сырғанау спортымен жаттығатын спортшылардың ата-аналар комитеті мен облыстық коньки спорты федерациясының келісімі бойынша, Ресей Федерациясынан жаттықтырушы, хореографтарды сол кездегі дене шынықтыру және спорт басқармасы шақыртқан болатын. Жалақысы мардымсыз жаттықтырушыға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы тұрғынжаймен, федерация тарапынан қосымша жалақы және ата-аналар комитеті сабақ кестесінен тыс уақытта қосымша ақылы жаттығу жүргізуге келісім болған. Алайда ата-аналар комитеті тарапынан уақыт өте келе келіспеушіліктер болып, жаттықтырушының үстінен құқық қорғау органдарына бірнеше арыз жазылды. Салдарынан жаттықтырушы өз еркімен 2023 жылы жұмыстан кетіп, қазіргі таңда спортшыларды жаттықтыратын кәсіби жаттықтырушы болмай отыр.

Бұл спорт түрінен білікті жаттықтырушыны шақырту қомақты қаржыны талап ететіндіктен, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы өзге облыстардағы жаттықтырушылармен келісім жүргізуде, - дейді басқарманың баспасөз қызметі. 

Бүгінде мәнерлеп сырғанау спорты жаттықтырушысының орнына жергілікті маман сабақ беріп жүр. Ол бар білгенін үйреткенімен, кәсіби маман болмай тұр. Сондықтан да, көп ата-ана балаларын басқа спорт түріне ауыстырып алуға мәжбүр. 

- Осы күндері республикамыздың бірнеше облысында да жаттықтырушы тапшы болып тұр. Спорт мектебі ұсынған еңбек ақыға (200 мың теңгеге дейін) жаттықтырушылар қызығушылық танытпауда. Сол себепті шорт-тректен 8 жылдық тәжірибесі бар жаттықтырушыны уақытша ауыстырдық. Қазіргі таңда мәнерлеп сырғанау спортының өңірде дамуы үшін жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Сыр спортының мақтанышы Артур Смағұлов сияқты спортшыларымыз облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм баскармасының есебінен оқу-жаттығу жиындарына, түрлі халықаралық турнирлерге қатыстырылуда. Алдағы уақытта мәнерлеп сырғанаумен айналысқан, жоғарғы оқу орындарында оқып жатқан мамандарды облысымызға тарту жоспарымызда бар, - деп сендірді басқарма мамандары. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу