Сондай-ақ, ұлттық дәстүр бойынша тегіне өзгеріс енгізгендер де табылады.
Азаматтардың өзінің және балаларының тегін қазақыландыруға айрықша мән беруі көпшілікті қуантуда, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.
"Азаматтарға арналған үкімет" МК Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Аида Ибрагимқызы қызықты статистикалық деректерді ұсынды.
- Қазақилық дәстүр кең өріс алған Сыр өңірінде ата-аналар балаларының тегін қазақыландыруға айрықша мән беруде. Тіпті, өз тектеріне бұрын жалғанып келген "ов", "ев" қосымшаларынан арылуда. Өткен 2023 жылдың шілде-тамыз айларында рәсімделген Туу туралы куәліктердің 90 пайыздан астамында тектеріне "ов", "ев" "ова", "ева" қосылмаған. Сондай-ақ, аймақта 9464 адам ұлттық дәстүрге сай атасының және әкесінің атын тек қылып жаздырып, құжатын рәсімдеген. Оның 1050-і – Қызылорда қаласында, 8414-і – аудандарда. Ал, 16 жасқа дейін және 16 жастан асқан тұрғындардың 723-і ұлттық дәстүр бойынша тегіне өзгеріс енгізіп, қайта құжат алған. Оның басым бөлігі қала тұрғыны болса, 121-і аудандарға тиесілі, - дейді ол.
Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жазира Нұрсұлтанқызы көп қазақтың тегін ауыстыруы егемендікке қол жеткен жылдары басталғанын, бірақ толық сипат алмағанын айтып отыр. Оған сол уақыттағы есімін немесе тегін ауыстырудың қиындығы да әсер еткен болуы керек.
- Еліміз Тәуелсіздігін алған жылдары көп қазақ тегін ауыстыра бастады. Зиялы қауымның өкілдері де -ов, -ев-ті алып тастауды жөн көрді. Дүниеге келген нәрестелеріне қазақы есім беріп, тектерін көзі тірі аталарына жазу үрдіс алды. Сондай-ақ, жеті атасын түгел білетін қазақ бірнеше ұрпақ иеленген баба есімін шежіреде қалдырып, өз әкелеріне жазылуды құп көрді. Әкелерінің есіміне ұлы, қызы сөзін тіркеп, аты-жөн таза қазақи сипатқа ие болды. Негізі өз әкесінің атына жазылу – түркілік тағылым. Көне дәуірде "ол, оғлы, оғлан" – "ұл, ұлы, баласы" деген мағынадағы сөздер. Бұл сөздер ауызекі қарым-қатынаста қолданбағанмен, көркем әдебиетте, журналистикада пайдаланып келеді, - дейді ол.
Тіл маманы қазақ тегін түгел қазақиландыруы тиіс деп ойлайды. Текке қосылған -ов, -ев, -ин секілді анықтаушы жалғаулардың саясат бойынша мысқалдап енгенін сөз етті.
- Адам баласының өсіп-өнуі, ұрпақ жалғастығында ататегі мен есім үлкен рөл атақаратыны белгілі. Сондықтан әр халықтың, тарих бедеріндегі өз орнын сақтап қалу үшін, ұлттық нышаны ретінде есім беру, тегін көрсету ерекшеліктері аса маңызды. Текке қосылған -ов, -ев, -ин анықтаушы жалғаулар Қазақ даласына сонау 18-ғасырда орыс патшалық империясының саясаты кіре бастаған тұста мысқалдап енген еді. 19-ғасырда орыс патшасына қызмет қылған бай-манаптар, олардың Петербор, Қазан, Мәскеуде оқыған ұрпақтары сол имперлік саясаттың ығына жығылып, тектеріне -ов, -ев, -ин-ді қосып алды. 250 жыл орыстың имперлік бодандығы осы -ов, -ев, -ин-мен бірге әрі қарай советтік 70 жылға жалғасты. Одан кейінгі Тәуелсіздік таңымен келген әкесінің оғлы-ұлы, қызы танымы ғасырларға ұласып, қазақ болмысын сақтаса екен деген тілек бар. Шын мәнінде қазақ тегін түгел қазақиландыруы тиіс деген ойдамын, - деді Жазира Нұрсұлтанқызы.