Қызылордалықтардың қуанышы су сепкендей басыла ма?

Бірнеше күн бұрын жұмысын бастаған экотаксилерге қатысты шу шықты.  

Қызылордалықтардың қуанышы су сепкендей басыла ма? Фото: gov.kz

Қала тұрғындары "мемлекет қаржысына алынған мүлік неге жеке таксопарк арқылы жұмыс істейді?" деп ашулануда. 

Басты мәселе – тоқпен жүретін таксилердің "Яндекс" қосымшасы арқылы қызмет етуі және жолақының еш өзгермеуі, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

– Қалаішілік көлік қатынасын одан әрі жетілдіру және қоршаған ортаны қорғау мақсатында жаңа 52 электромобиль алынғаны белгілі. Бұл экотаксилер "Яндекс" қосымшасы арқылы жолаушыларға қызмет көрсетіп жатыр. Экотаксилер қала орталығына ғана емес, әуежай, сапаржай, теміржол вокзалдарына да бөлінген.

"Қызылорда автобус паркі" ЖШС басшылығы "Яндекс" мобильді қосымшасының құрылтайшыларымен келіссөз жүргізіп, жақын күндері электротакси бөлімін қостыруға қол жеткізді. Қосымшаның техникалық жабдықтаушылары жаңа бөлімді енгізу шараларын жүзеге асыруда. Қазақстан бойынша "Яндекс" қосымшасына электротакси қызметі тек жалғыз Қызылорда қаласында ғана алғаш рет қосылғалы отыр.

Ал, әлеуметтік желілерде экотакси көліктерінің қызмет ақысы мен байланыс нөміріне қатысты жарияланған ақпараттың жалған екендігін жеткіземіз, - деп жазды "Ашық Қызылорда" парақшасы. 

Яғни, алдағы уақытта "Яндекс" қосымшасына арнайы электротакси бөлімі қосылуы мүмкін. Белсенді азамат, қала тұрғыны Жасұлан Жакупов "Шетелдік қосымшаға жүгінбей, отандық өнім шығаруымыз керек" деп есептейді. 

– Экотакси қызметін "Яндекс" қосымшасымен байланыстырғаны ешқандай ақылыма қонбады. Ол үшін жұмсалатын қаражат тағы бар. Сонда Қызылорда облысы әкімі аппаратының Цифрлық технологиялар бөлімі бір бағдарлама жасап беруге құлықсыз ба? "Қызылорда" автобус паркі" ЖШС басшылығы еш ұсыныс айтпаған ба? Бірлесіп жұмыс істеуге кім кедергі?

Цифрлық технология дәуірінде Ресейдің бағдарламасына жүгініп, қалалық қазынаға теңге түсірмей, қаражатты сыртқа аударып, желге шашып алмаймыз ба!?

Экотаксиге өз бағдарламамызды даярлап, авторлық идеямызды қолға алып, халыққа тиімді, қолайлы етіп жасап берсек, халық игілігіне пайдаланар еді. Ол соншалықты қымбат емес шығар!? - дейді ол.

"Қызылорда" автобус паркі" ЖШС баспасөз қызметі әлеуметтік желіде кеңінен таралған жалған ақпарат бойынша тиісті анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. 

– Бүгінде әлеуметтік желіде "экотаксиді 8 777 767 44 44 байланыс нөмірі арқылы тапсырыс беруге болады және қала көлемінде тасымалдау бағасы 500 теңгені құрайды" деген жалған ақпарат таралған.

Автокөліктің қуатталған қуат көзі 460 шақырымға жетеді, яғни энергиялық қуат көзінде еш мәселе жоқ, - дейді жауаптылар. 

Қала тұрғындары "экотаксидің келуі арқылы бәсекелестік орнап, жолақысы арзандайды" деп сенген еді. Бірақ, осы күні "баяғы жартас – сол жартас" болып тұр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу