Қызылорданың Арал ауданында төтенше жағдай жариялана ма

2244

"Қызыл аймаққа" енген 13 ауылдың 90% жайылымдық жеріне шөп шықпаған.

Қызылорданың Арал ауданында төтенше жағдай жариялана ма

Арал ауданында төрт түліктің өлім-жітімі тоқтады. Дегенмен, өңірдегі қуаншылық шаруалардың ісін шабандатып отыр. Мәселен, 13 елдімекеннің маңындағы мал жайылымының 90%-ы қурап, шөп шықпай қалған. Сондықтан түлікке қажетті жеп-шөп қоры нақтыланып, оны жеткізу бағытындағы жұмыстар қолға алынуда. Аудандағы төтенше жағдайлар мәселесі де жақын арада белгілі болмақ.

"Шаруашылықтарға 1037 тонна жоңышқа және 40 тонна жем жеткізіліп, сатылды. "Шөпті қымбат бағада сатып жатыр" деген қауесетке айтарымыз, келіп жатқан жоңышқа пресінің бағасы 1100-1200 теңге көлемінде. Біз осы бағаны ұстап, тасымалдаушыларға құнын көтермеуді талап еттік. Ал арзан қарашөп енді орылады. Бұдан бөлек 60 тонна арпаға өтінім берілді", – деді аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішев.

Ауданда жайылымның жайын бақылауға арнайы карта жасалған. Мысалы, қызыл аймаққа енген 13 ауылдың жайылымдық жерінің шөбі қурап, шанылаққа айналған. Ал жайылымдық шөбі 40%-ға жетер жетпес елді-мекендер сары аймақ енсе, 4 ауылдың айналасындағы шөбі қыстан қысылмай шығуға мүмкіндік береді. Аудандағы мал басына қажетті шөп көлемі 9000 тоннадан асады. Бұл малдың өсіміне орай алынған болжамдық есеп.

"Арал ауданында төтенше жағдай жариялауға байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аудан "сары-қызыл аймаққа" енгізілген. Елдімекендердегі топырақ құрамына сараптама жасалып жатыр. Егерде шөп құрамында көгалдандыра алатын минералдары жоқ болған жағдайда, төтенше жағдай жариялануға тиісті. Бірінші кезекте біз қожалықтардың жем-шөп тасымалына көмектесіп жатырмыз", – деді Е.Әбішев.

Ауданда 69 су шаруашылығы нысаны бар. Оның 63-і канал және 6-уы –қорғаныс бөгеті. Жайылымдық және шабындық жерлерді суландыру үшін 17 каналды тазалау жұмыстары жүрмек және "қызыл аймақтағы" ауылдарда кеңес үкіметі кезінде көміліп қалған 15 скважина су ұңғымаларын модернизациялау жұмыстары да қарқын алмақ.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу