Қызылорданың әуежайы вьетнамдық компанияның басқаруына берілмейді

270

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев инвесторлардың талабы мемлекетке тиімсіз болғанын айтты.    

Қызылорданың әуежайы вьетнамдық компанияның басқаруына берілмейді Фото: gov.kz

Өңір басшысы Қызылорда әуежайы шетелдік компания басқаруына әзірге берілмегенін мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Әуежай құрылысына жалпы 21 млрд теңге жұмсалды. Болат Өтемұратов қоры 16,7 млрд теңге қаражат салды. Облыс бюджетінен 4,3 млрд теңге бөлінді. 2024 жылдың қарашасында ашылған әуежай толық жұмыс істеп тұр. Әуежайға мемлекеттен ешқандай субсидия берілмейді", – дейді Н.Нәлібаев.

Жаңа әуежай жыл сайын 2 миллион жолаушыны қабылдауға қауқарлы. Бұған Қызылорда әуежайы вьетнамдық компанияға берілуі мүмкін екені айтылған.

Облыс әкімінің сөзінше, шетел компаниясының ұсынысы тиімсіз болған.

"Вьетнамның SOVICO Group компаниясымен жұмыс істедік. Олардың ұсынысы бізге ұнамады. Әуежайдың ешкімге бір тиын қарызы жоқ, өзін ақтап, 5 млн теңге болса да пайда тауып отыр. Вьетнам компаниясы бастапқы кезде субсидия бөлуді сұрады. Бұл мемлекетке тиімсіз болғандықтан, келіспедік", – деді облыс әкімі.

Қазіргі таңда облыс басқа да инвесторларды қарастырып жатыр. "Қорқыт Ата" терминалы Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) стандартына сәйкес келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу