Соңғы уақытта шаһардың басты көшелерінде үйсіз-күйсіз жүрген, қайыр тілеп отырған адамдардың саны артқанын байқауға болады. Мұны күн райының суытқанымен байланыстыратындар көп.
Inbusiness.kz тілшісі көшеде қайыр тілеп отырған бірнеше адаммен сөйлесіп те көрді. Жасы 40-45 шамасындағы ер адам қалаға жақын ауылдыкі екенін, үйі өртеніп, кішкентай баласы қайтыс болғаннан соң осындай күйге түскенін айтқан болатын. Араға 2-3 сағат салып қайта жолыққанда қала тұрғыны екенін, қарызға белшеден батқаннан соң өз-өзін жоғалтып алғанын жеткізді. Сөйлесу барысында қаңғыбастардың көбі өтірік айтып, өзіне аяушылық сезімін тудыру арқылы ақша сұрайтынын байқатты.
Облыс орталығында мұндай адамдардың көбеюі көпшілікті алаңдатады. "Қоғамға зиян келтіретін адамдарды арнайы емдеу орталығына жіберу керек" дейді кейбірі. Енді бірі балаларды жалғыз жіберуге қорқатынын айтса, зорлаған, қорлаған жасөспірімдер осындайлардан шығатынын ашық жазуда.
Қызылордалық полицейлер қандай да бір құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында "Қаңғыбас" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткенін хабарлайды.
Қызылордада әлеуметтік бейімдеу орталығына келіп жатқан белгілі тұрағы жоқ қаңғыбастар саны күн сайын өсуде. Жыл басынан бері 127 азамат қаңғыбастыққа салынған. Қазіргі таңда, бейімдеу орталығын паналайтындардың саны да 41-ге жетті. Ал, барар жері, басар тауы жоқ қаңғыбастар күн суытса, түгелдей сонда жиналады.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының қабылдау-тарату орны қаңғыбастарға қатысты дереу ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді. Тексеру барысында, полиция қызметкерлері қанғыбастыққа салынған төрт азаматты басқармаға жеткізді. Оларды қабылдау-тарату орны және адаптация орталығына орналастырды.
Ол азаматтардың тұрғылықты үй-жайлары бола тұра, ішімдікке салынып, қайыр сұрап отырады. Күннің суытуына байланысты полицейлер кешенді күшейтілген тәртіпте қызмет атқаруда. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері "Қаңғыбас" жедел-профилактикалық іс-шарасын төрт мәрте өткізгендерін хабарлаймыз. Бұл жұмыстар департамент, басқарма бастықтарының қатаң бақылауында, - деп жауап берді Қызылорда қалалық полиция басқармасы.
Қаңғыбастардың арасында қыз-келіншектердің де бар екенін байқау қиын емес. Ал, ішкілікке салынған кейбір адамдардың үй-жайы, бала-шағасы бар болып шықты.
Әйел адамның ішкілікке салынып, қаңғыбас боп кеткені өкінішті. Меніңше, ондай адамдарды оңалту орталығына қинап болса да, жатқызу керек. Балалары бар болар. Тексеріс жүргізілсін, үйінде кішкентайлары аштан-аш анасын күтіп отырған болар, - дейді Гүлжан есімді қала тұрғыны.
Үйсіз-күйсіздер қайырымды жандардың 5-10 теңгесін ішімдікке жұмсап, қылмыс санын көбейтуге "үлес" қосып жатқаны анық. Ең бастысы, олардан адам жапа шекпеуі керек. Ол үшін қаңғыбастарды қоғамнан оқшаулау өте маңызды.