Қызылжар құс фабрикасына инвестор қажет

588

Павлодар облысындағы әйгілі Қызылжар құс фабрикасының "жаңарып жаңғырамыз", деп жабылғанына бір жыл өтті. Былтыр өндірісін тоқтатқан кәсіпорын 150 еңбеккерін жұмыстан босатуға мәжбүр болған. 

Қызылжар құс фабрикасына инвестор қажет Фото: qazaqstan.tv

Әйтсе де, сол кездегі басшылар бір жылдан кейін қайта іске қосылып, қалпымызға келеміз деген. 

Тура осыдан бір жыл бұрын Қызылжар құс фабрикасы модернизацияға жабылған болатын. Кәсіпорынның 150 жұмысшысы сол кезде далада тентіреп қалды. Алайда, арада бір жыл өтсе де жұмыс істеп тұрған өндіріс жоқ. 

Былтыр еріксіз жұмыссыз қалған Қызылжар тұрғындары төңіректегі басқа зауыттар мен кәсіпорындардан нәпақа іздеп кеткен. 45 адамды жергілікті әкімдік қоғамдық жұмысқа тартты. Көбісінің көңілдері күпті еді, бір жылдан соң бұрынғы қызметімізге қайта ораламыз деп үміттенген.

Былтыр модернизацияға жабылған кезде құс фабрикасының директорымен жолыққанбыз. Сол кезде, кәсіпорынды қайта жаңғырту үшін млрд теңгеден артық қаржы қажет деген. Биыл басшылық құрамы ауысыпты. Жергілікті билік өкілінің айтуынша, құрылтайшылар инвестор іздеп жатыр. 

"Қазіргі уақытта инвесторлар іздестіріліп жатыр. Сонымен қатар фабриканың тиімділігі жағынан қандай пайда түсетіні де қарастырылып жатыр. Бүгінгі мәселе жергілікті әкімдік, қала әкімдігі облыс әкімдігінің жеке бақылауында", деді Қызылжар ауылдық округінің әкімі Дәулет Әбілдинов.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, 2021 жылы фабрика құс етін арзандатылған бағамен ұсынғаны үшін мемлекеттен 140 млн теңге субсидия алған. Ал, 2022 жылы, яғни модернизацияға жабылғаннан кейін 6,4 млн теңге қаржылай қолдау көріпті. 

Есенбек Санатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу