Қызылжарлық тұрғынға бөгде адамның ЭЦҚ-сын берген

951

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері ХҚКО-дағы келеңсіздіктің бетін ашты.

Қызылжарлық тұрғынға бөгде адамның ЭЦҚ-сын берген

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облыстық департаменті "жасырын сатып алушы" әдісін пайдаланып, халыққа қызмет көрсету орталығындағы келеңсіздіктің бетін ашты, деп хабарлайды abctv.kz.

Облыстық департаменттің бас маманы Арман Қахабаевтың түсіндіруінше, мекеме өңірдегі мемлекеттік қызмет көрсету кезіндегі әкімшілік кедергілерді анықтау және жұмыс сапасына мониторинг жүргізу мақсатында "жасырын сатып алушы" әдісін пайдаланған. Яғни, жасырын сатып алушы бөгде адамның жеке куәлігін алып, Қызылжар ауданының халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінеді. Мекенжай анықтамасын алмақ болады.

"Орталықтың маманы қызмет алуға келген адамның жеке куәліктің иесіне ұқсамайтынын аңғарған жоқ. Ол жасырын сатып алушыны өз-өзіне қызмет көрсету бұрышына ертіп апарды. Қызмет алушының қолындағы куәлік бөгде адамдікі болғандықтан, ол электронды цифрлық қолдың (ЭЦҚ) құпия сөзін білмейтіні анық. Аталған мәселені шешу үшін ЭЦҚ-ны жеке куәлікке қайта жаздыру керек. Жасырын сатып алушы ЭЦҚ активациядан өткізу үшін өтініш береді. Операциялық залдың маманы оны қабылдап, өтінішін қарастырады. Сондай-ақ қызмет алушыны суретке түсіріп алады. Ол маман да алдындағы адамның куәліктің иесі екенін аңғармайды", – дейді Арман Қахабаев.

Осылайша, жасырын сатып алушы ХҚКО-дан мекенжай анықтамасын және бөгде адамның ЭЦҚ-сын құпия сөзімен бірге алып кетеді.

Олқылықтың орнын толтыру үшін департамент орталық мамандарына түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы ұсыныс жасады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу