Қазақстандықтар 1 ақпаннан бастап меншігіндегі малды тіркету керек

2780

АШМ бұл амал халықтың малын тартып алу, салық ұлғайту үшін жасалып жатпағанын, жаңсақ пікірлер болмау керектігін ескертеді.

Қазақстандықтар 1 ақпаннан бастап меншігіндегі малды тіркету керек

Ауыл шаруашышылығы министрлігі тұрғындарды меншігіндегі малды тіркетуге шақырды. Бұл туралы АШМ-нің баспасөз хатшысы Дамир Аспан Facebook-тегі парағында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев "Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру" деректер базасында "Жасыл дәліз-3" функционалын іске қосуды тапсырды. Бұл тіркелмеген ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру және тіркеу жөніндегі жұмысты аяқтауға мүмкіндік береді", – деп жазды Дамир Аспан.

Функционал 2022 жылғы 1 ақпаннан 31 мамырға дейін жұмыс істейді

"Бұл тек арнаулы аймаққа ғана емес бүкіл елдің шаруашылығына қатысты", – деді АШМ-нің баспасөз хатшысы.

Айта кетсек, 26-27 қаңтар аралығында Ауыл шаруашылығы министрінің тапсырмасы бойынша бірінші вице-министр Айдарбек Сапаров бастаған жұмыс тобы Маңғыстау облысына барды. Вице-министр хабарлағандай, 2021 жылы ауыл шаруашылығы жануарларын ұстау үшін азық құнын ішінара өтеуге Үкімет резервінен 1,9 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді. Маңғыстау облысының әкімдігі іс жүзінде 1,2 млрд теңгені игерген.

Ескере кететін бір жай, малдың есепке алынуының маңыздылығы қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға көмек көрсетуде көрінді. Себебі малы есепке алынбаған шаруалар көмек алуда бірқатар кедергіге ұшырады. Өңірде 733 шаруа қожалығы және 281 089 мал басына 6 776 жеке қосалқы шаруашылық субсидия алды.

2021 жылғы 10 тамыз бен 10 қазан аралығында өңірде шарауалар бұрын есепке алынбаған малын тіркетті, яғни "Жасыл дәліз-2" іске асырылды. Нәтижесінде, есепте жоқ 71 343 мал анықталған. Ведомство Үкімет резервінен есепке алынған мал басына 664,2 млн теңге қаражат бөлу туралы Қаржы министрлігіне қолдаухат жолдады.

Енді елде "Жасыл дәліз-3" іске қосылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу