Қытайлық Labubu ойыншығын өндіретін Pop Mart компаниясының табысы ресейлік газ алыбы "Газпромды" артта қалдырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Business Online басылымына сілтеме жасап.
Басылым 2025 жылдың 22 шілдесіндегі жағдайды ескеріп, коллекциялық ойыншықтар сатумен айналысатын қытайлық ритейлердің акцияларының жалпы құны 42 миллиард долларды құрағанын жазады. Тиісінше, ресейлік энергетикалық компанияның нарықтық бағасы 38,77 миллиард доллар болған.
Еске салайық, Labubu – осыдан 10 жыл бұрын Гонконг суретшісі Лун Касин жасаған эльфке ұқсайтын кейіпкер. Енді ойыншық кейпіне енген кішкентай, үлпілдек монстрлар ерекше белгілерімен балаларды баурап әкетеді. Оның көзі үлкен, құлағы үшкір және тоғыз тісі бар. Әйелдер аталған ойыншықты сөмкесіне аксессуар ретінде тағып алып та танымалдығын арттыра түсті.
Осыған дейін Ұлыбританияда Labubu қуыршақтарының сатылымы уақытша тоқтатылған еді. Бұл рекордтық сұраныс болған соң қызметкерлер мен сатып алушылардың қауіпсіздігі үшін жасалды.