Михаилдың жеңісі мыңдаған жастарымызды спортпен шұғылдануға жігерлендірді – Президент

134

Бүгінде еліміздегі мыңдаған ұл-қыз Михаил Шайдоровқа қызыға қарап, еліктейді, даңқты спортшы болғысы келеді. 

Михаилдың жеңісі мыңдаған жастарымызды спортпен шұғылдануға жігерлендірді – Президент Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев чемпионның бапкері, әйгілі спортшы, 1994 жылғы Олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы Алексей Урмановқа ыстық ықыласын білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Мәнерлеп сырғанау спортындағы білікті маман ретінде ерен жетістіктеріңізді жалғайтын лайықты ізбасар дайындадыңыз. Сол үшін Сізге зор алғыс айтамын. Осынау тамаша табысқа салалық министрлік, федерация, сондай-ақ атақты боксшымыз, жақында есімі Дүниежүзілік бокс даңқы залына жазылған Геннадий Головкин басқаратын Ұлттық Олимпиада комитеті елеулі үлес қосты. Отандастарымыз спорттық бәсекенің қиындықтарын, әсіресе, еркін бағдарламадан кейінгі Михаилдың күрделі жағдайын тебіреніспен бақылап отырды. Бірақ ол тәуекелге барып, жер-жаһанның басты байрақты бәсекесіндегі жеңісті жұлып алды. Бұл да кездейсоқ емес. Өзіне берілген жалғыз мүмкіндікті екінің бірі сәтті пайдалана алмайды. Әдетте жарысқа түскенде "бақ шаба ма, бап шаба ма" деп жатады. Бірақ "еңбек – бәрін де жеңбек" деген ұлағатты да ұмытпайық. Михаилдың жеңісі мыңдаған жастарымызды спортпен шұғылдануға жігерлендірді. Еңбек етсең, ерік-жігерің мұқалмай, батыл әрекет қылсаң, кез келген, тіпті қол жетпестей көрінетін арманның өзі орындалатынына сенімін күшейтті. Бүгінде еліміздегі мыңдаған ұл-қыз Михаил Шайдоровқа қызыға қарап, еліктейді, даңқты спортшы болғысы келеді. Демек еліміздің ұландары әлемдік спорттың биігінде жарқырай көрінетін күн алда. Барша Олимпиада чемпиондарының аты әлем спортының жылнамасына жазылады, олардың жетістіктері Лозаннадағы Халықаралық Олимпиада комитетінің музейінде тіркеледі. Енді түрлі елдің туристері Михаил Шайдоровтың 2026 жылғы Олимпиададағы тамаша жеңісі туралы білетін болады, – деді Мемлекет басшысы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу