Лаңкестік топтарға қосылуды жоспарлап жүрген азаматтардың елден шығуына тосқауыл қою қажет – Тоқаев

315

Терроризмге және экстремизмге қатысы бар адамдарды іздеу, ұстау және экстрадициялау тетіктерін іске қосу маңызды.

Лаңкестік топтарға қосылуды жоспарлап жүрген азаматтардың елден шығуына тосқауыл қою қажет – Тоқаев Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамда өткен сессиясында халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл бағытындағы ынтымақтастықты дамыту ісін тағы бір басымдық ретінде атады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының айтуынша, ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің терроризмге қарсы қызметіне жіті назар аударылады.

"Лаңкестік топтарға қосылуды жоспарлап жүрген азаматтарымыздың елден тысқары шығып кетуіне жол бермеу үшін бірлескен жұмысты жалғастырған жөн. Терроризмге және экстремизмге қатысы бар адамдарды іздеу, ұстау және экстрадициялау тетіктерін іске қосу маңызды. ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының комитеті жанындағы терроризм мен экстремизмге қарсы күрес мәселелерімен айналысатын сарапшылардың Жұмыс тобын жандандыруды ұсынамыз", – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Ұйым есірткі және психотропты заттардың заңсыз айналымына да қарсы күрес жүргізуге тиіс.

"ҰҚШҰ-ға мүше елдердің кеңістігін осы қауіпті заттың енуінен қорғау үшін бірлескен іс-шаралардың тиімділігін арттыру қажет. Жұмыс ретін барлық өзекті факторды, соның ішінде синтетикалық есірткінің таралу аясы кеңейе түскенін ескере  отырып ұйымдастыру керек. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жүргізетін құзыретті органдар жетекшілерінен құралған Үйлестіру кеңесі сияқты механизм маңызды рөл атқарады", – деді Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу