Латвия хоккейден 2021 жылғы әлем чемпионатының барлық матчын қабылдайды

806

Хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы Канада, Финляндия, АҚШ, Германия, Латвия, Норвегия және Италия командаларымен бірге "В" тобында сынға түседі. 

Латвия хоккейден 2021 жылғы әлем чемпионатының барлық матчын қабылдайды

Шайбалы хоккейден 2021 жылғы әлем чемпионаты толығымен Латвияда өтеді. Бұл туралы Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының (IIHF) баспасөз қызметі мәлімдеді, деп жазады Olympic.kz. 

Хоккейден әлем чемпионатындағы матчтардың барлығы да Ригада өтеді. Алғашында біріншіліктің Минск пен Ригада ұйымдастырылатыны хабарланған. Алайда 18 қаңтар күні IIHF кеңесі Беларусь астанасында чемпионат өткізуден бас тартты. 

Әлем чемпионатындағы матчтардың басым бөлігі "Арена Ригада" өтеді. Атап айтар болсақ, мұнда В тобындағы барлық ойындар, екі ширек финалдық матч, жартылай финалдық кездесулер, үшінші орын үшін кездесу және ақтық сын өткізу жоспарланған. Қалған кездесулер алты мың адамға арналған Олимпиадалық спорттық орталықта ұйымдастырылады. 

"IIHF кеңесі сейсенбі күні өткен отырыста әлем чемпионатын өткізудің түрлі нұсқаларын қарастырды. Нақтылай түсер болсам, биылғы біріншілікті Латвияда, Латвия мен Данияда және Латвия мен Словакияда өткізу мәселелері талқыланды. Нәтижесінде, кеңес мүшелері әлемдік доданы бір мемлекетте өткізген дұрыс деген тоқтамға келді", – дейді IIHF президенті Рене Фазель. 

Айта кетелік, хоккейден әлем чемпионаты 2021 жылдың 21 мамыры мен 6 маусымы аралығында өтеді. Латвия әлемдік доданы осымен екінші рет қабылдамақ. Алғаш рет мұнда 2006 жылғы әлем біріншілігі өткізілген болатын. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу