Бүгін латын әліпбиіне көшу жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылады. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Болат Әбдірәсілов мәлім етті, деп хабарлайды inform.kz.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған мақаласына орай пікір білдірген ол бұл мәселе 2012 жылдан бастап жан-жақты талқыланғанын баса айтты. Сол кезде арнайы топ құрылып, оның құрамына еліміздің гуманитарлық институттары, Тіл білімі институты, Философия институты кірді. Өзбекстан, Әзербайжан және басқа да елдердің тәжірибесі зерделеніп, әдістері жасалды.
Ал мемлекет басшысының кешегі мақаласында латын әліпбиіне көшудің нақты мерзімі айқындалып отыр. Бұл жұмысты бастадық, бүгін жұмыс тобын құру шешімі қабылданады деп ойлаймын. Оның құрамына ғалымдарымызды, тіл білімі саласындағы мамандарды шақырамыз. Тәжірибе, белгілі бір деңгейде әзірлемелер бар. Меніңше, тиісті шешім де қабылданады", – дейді комитет төрағасы.
Оның айтуынша, латын әліпбиіне көшу – мемлекет деңгейіндегі өте ауқымды міндет.
"Біз көптеген ғылыми сараптама жүргізуіміз керек. Себебі латын әліпбиіне көшу барысында әртүрлі проблема шығады. Мәселен бірінші сыныптан бастап оқулықтарды өзгерту керек. Бұл – өте ауқымды жұмыс. Бізде орыс тіліндегі басылымдар кирилицамен шығады. Ал енді қазақ басылымдарын латын әліпбиіне өткізсек қалай болмақ. Халықаралық саяси проблемалар да бар. Дегенмен болашақ үшін латын әліпбиіне көшуіміз керек", – дейді Болат Әбдірәсілов.