Бокстан кезекті рет Қазақстан чемпионы атанған Ләззат Күнгейбаева арнайы сұхбат беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды Olympic.kz.
"Бұл чемпионатта жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Өйткені, финалда талай жылдан бері үзеңгі қағысып келе жатқан әккі қарсыласыммен жолығып, жеңіске жеттім. Умида Садықова өте қауіпті қарсыластардың бірі. Ол менің тактикамды жақсы біледі, мұны жаттығу кезінде де байқаймын. Ел чемпионатында осындай қарсыластарың болса, босаңсуға жол жоқ", - дейді Ләззат.
Ләззат Күнгейбаева аса ауыр салмақта өнер көрсетеді. Осыған дейін әлем чемпионы атанған боксшы қыз тамыздың аяғында өтетін Азия ойындарынан тыс қалғалы тұр. Өйткені, Ләззаттың салмағы ойын бағдарламасына енбеген.
"Өкінішке қарай, Азия ойындарына қатыса алмаймын. Десе де, менің алдымда өзге мақсаттар тұр. Бұйырса, әлем чемпионатында топ жарғым келеді. Екі дүркін әлем чемпионы атанатыныма сенімдімін", - дейді Ләззат.