Сенаттың жалпы отырысында төраға ОСК-ның жаңа мүшесін таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бұл қызметке Ләззат Сүйіндік тағайындалды.
"Конституциялық нормаларға сәйкес, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне кандидатураны Палата төрағасы ұсынады. Осы құқықты пайдалана отырып, ОСК мүшесі қызметіне Ләззат Кеңесқызы Сүйіндіктің кандидатурасын ұсынамын. Л.Кеңесқызы еңбек жолын Ақпарат министрлігінің бас сарапшысы лауазымынан бастап, кейін Ақпарат комитетінің төрағасы, "Хабар" Агенттігі" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Соңғы жылдары коммуникация саласында белсенді қызмет етті. Л.Кеңесқызының біліктілігі мен тәжірибесі Орталық сайлау комиссиясының жұмысына тың серпін береді деп сенемін", – деді Сенат төрағасы.
Л.Сүйіндік 1985 жылы 26 шілдеде туған. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Қарағанды экономикалық Қазтұтынуодағы университетін, Ұлыбританиядағы Шеффилд университетін бітірген. Сондай-ақ, ол – "Болашақ" бағдарламасының стипендианты.