Қарағанды қаласына ЛГБТ өкілдері келіп, Абай көшесіндегі бір ғимаратта ғимаратта тренинг өткізбек болған. Мұны естіген елу шақты азамат сол жерге барып, олардың кетуін талап етті. Оқиға орнына шақырылтылған арнайы жасақ ғимаратқа кірер есікті қоршап тұрды. Осыдан кейін ғимараттан төрт-бес әйел жүгіріп шығып, "Газель" көлігіне отырды. Ал полиция халықты сабырға шақырып, көліктің кетуіне мүмкіндік жасады.
Биліктегілер әлі күнге дейін ЛГБТ өкілдері тренинг өткізбек болған ғимараттың кімге тиесілі екенін айтпай отыр. Ал сол әйелдер шыққан нысанның есік алдында мемлекеттік мекемелердің бар екенін көрсететін белгілер тұрды. Бұл әлеуметтік желіде тұрғындардың наразылығын туғызды.
Санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасы аудандық мобильдік топтардан карантиндік талаптардың бұзылғаны туралы ақпарат түспеген деп отыр.
ЛГБТ өкілдері тренинг өткізу үшін Қарағандыға Алматыдан келген екен. Ішкі Істер министрлігі таратқан ақпаратында көпшілік жиналған орында құқық бұзушылық болмады деп мәлімдеді.
"28 шілдеде Қарағандыға тренинг өткізу үшін ЛГБТ қауымдастығының өкілдері келді. Қарағандылықтар олар жалға алған нысанның, яғни Абай көшесіндегі бизнес орталықтың қасына жиналып, бұл шараны болдырмауды талап етті. Қазіргі уақытта ЛГБТ өкілдері Қарағанды облысынан шығып кетті",- деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі интернет желісіндегі ресми парақшасында.
Еске сала кетсек, 2021 жылы ақпан айында Еуропарламент Қазақстандағы саяси жағдайды қатаң сынға алып, елге санкция салуға шақырған болатын. Сонымен қатар Еуропарламент Қазақстандағы "ЛГБТ қауымдастығы әлі күнге дейін сот проблемалары мен дискриминацияға тап болуда" деп мәлімдеме жасаған еді.
Арайлым Еркебаева