Лицензиясы жоқ дәріханадан 15 млн теңгенің дәрісі тәркіленді

2796

13 кәсіпкер карантин талабын сақтамай, жауапкершілікке тартылды.

Лицензиясы жоқ дәріханадан 15 млн теңгенің дәрісі тәркіленді

Қызылорда облысының орталығында заңсыз жұмыс істеген дәріхананың жұмысы тоқтатылды. Рұқсат қағазы, лицензиясы болмаса да, сауда жасап келген нысанда елімізде тіркелмеген дәрілер сатылған. Облыстық прокуратурамен бірге мобильді топ рейд кезінде дәріхананы анықтап, заңсыз әрекетіне тосқауыл жасады. 

Ешқандай құжаты жоқтығына қарамастан, 42 жастағы ер адам мен 35 жастағы әйел дәрі-дәрмек сатып, дәріхананың қуыс бөлмесінде медициналық қызмет көрсетіп келген. Топ өкілдері 15 млн теңгенің дәрілерін тәркілеп, хаттама толтырды.

"Аталған дәріханада препараттар мен медициналық құрал жабдықтарды сатуға қандай да бір құжаттың жоқ екендігі және медициналық қызмет көрсетуге арнайы рұқсат жоқ екендігі белгілі болды. Аталған фактіге байланысты қазір қылмыстар есепке алу кітабына тіркелді. Тиісті нәтижесі полиция департаментінде қабылданатын болады", – деді облыстық  прокуратураның басқарма прокуроры Бауыржан Сәтбаев.

Қызылорда полициясы бұдан бөлек дәрі қорын заңсыз босатқан 45 жайтты да анықтаған.

Карантин ережесін сақтамай опық жегендер қатарына бір күнде 13 кәсіпкер ілінді. Олар карантин талаптарын сақтамағанына байланысты жауапкершілікке тартылды. Басым бөлігі қарапайым міндетті ережені, яғни маска тағу мен қорғаныш қолғаптарын пайдаланбаған. Сонымен қатар, кей дүкендер мен тамақтану орындары шекті уақыттан артық жұмыс істеген. Мысалы, "Саламат" дүкенінің иесі 22:00-ден кейін де жұмысын жалғастырған. Ал, "Коммуналка бар" кафесіндегі қонақтардың көңілді отырысы 23:00-ге дейін созылған. Кафе иесі бас санитардың қаулысымен таныс еместігін айтып жалтармақшы болған. Сондай-ақ, кейбір кәсіпкерлік нысандарда мониторингтік топтан қашқан немесе кафе ішіне тығылған азаматтар да кездескен.

Арнайы мониторингтік-мобильді топ санитариялық режим талаптарын бақылау мақсатында күнделікті қаланы аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Осы уақытқа дейін 116 анықтама толтырылса, 8 кәсіпкерге шара көрілген. Бұл жұмыстар карантин аяқталғанша жалғаспақшы.

Заңсыз тірлікке қызыл жағалылар да баруда. Жыл басынан бері полицияның 5 қызметкері пара ұсыну, алу бойынша тұтылған. Ауыр жазаға тартылғандарды Өзіндік қауіпсіздік басқармасы қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп, заңды шешімдер қабылданған.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу