"Лицензиясынан айырылады": Алматы әкімі жұмысты сапасыз орындаған мердігерлерді сынға алды

409

Дархан Сатыбалды қаладағы құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзіміне қатысты алаңдаушылығын білдірді.  

"Лицензиясынан айырылады": Алматы әкімі жұмысты сапасыз орындаған мердігерлерді сынға алды Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Қалада тек бірнеше мердігер ұйымға ғана 38 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Әкімнің пікірінше, қала билігі сапалы нәтиже талап етуге толық құқылы. Қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, кейбір нысандарда жұмыстар уәде етілген мерзімде аяқталмай, жұмысты созып мердігерлер өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамай отыр.

"Бірнеше ондаған техника мен жұмысшы жұмылдырылады деп жоспарланған нысандарда бар болғаны бір-екі көлік пен санаулы адам жүр. Ал тұрғындар опырылып кеткен жолға, шаң мен топыраққа, қазылғаннан кейін қайта қалпына келтірілмеген аумақтарға шағымданып жатыр. Бұл жұмыс емес, бұл жауапсыздық", – деді қала басшысы.

Әкімнің айтуынша, мердігерлердің салғырттығы салдарынан жобалар ұзаққа созылып, кейде қаржылық қиындықтарға байланысты мүлдем тоқтап қалады. Қазылған жолдардың қалпына келтірілмеуі мен технологиялық талаптардың сақталмауы да жиі кездесетін мәселе.

"Жағдайды сыртқы себептерге сілтеп, кінәні басқаға артуға болмайды. Жұмысты сапалы да уақытылы орындасын. Әйтпесе, Алматы жобаларынан оларды шеттетеміз. Салғырттыққа жол бергендерді лицензиясынан айырып, жауапқа тартамыз", – деп түйіндеді Дархан Сатыбалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу