Осы ретте ҚДКБҚ жеке тұлғаларға заңнамада бекітілген максималды кепілдік мөлшері шегінде: депозиттің түрі мен валютасына қарай 5, 10 және 20 млн теңгеден аспайтын кепілді өтем төлейді.
Алайда депозиттеріндегі қаражаттары максималды кепілдік мөлшерінен асатын салымшылар не істеуі керек?
Лицензиясынан айырылған банк салымшыларына кепілдік мөлшерінен тыс сомаларды сол банктің тарату комиссиясы жүзеге асырады. Оны Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тағайындайды. Тарату комиссиясы банк істерін аяқтау және кредиторлармен есеп айырысуды қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдайды. Олардың қатарында депозиттеріндегі ақшалары кепілдік берілген максималды өтем сомаларынан асатын жеке тұлғалар да бар.
Кредиторлардың талаптары кезектілік тәртібіне қарай қанағаттандырылады. Ол "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" ҚР Заңында белгіленген. Кредиторлардың талаптарын қанағаттандырудың 10 кезектілігі бар. Таратылатын банкпен ерекше қарым-қатынасы жоқ жеке тұлғалардың кепілдік мөлшерінен тыс сомалары бойынша талаптары төртінші кезекпен қанағаттандырылады.
Атап өту керек, тарату комиссиясы жеке тұлғалардың банк шоттары бойынша талаптарын кредиторлардың тізіліміне өз бетімен енгізіп, оларға бұл туралы жазбаша хабарлама жібереді. Осылайша салымшылар үшін депозиттері бойынша кепілдіктен артық ақшаларын алу мақсатында банктің тарату комиссиясына бөлек өтініш берудің қажеті жоқ.
Тарату комиссиясы кезектілік бойынша төлемдерді таратылатын банктің активтері мен мүліктерін сатудан түскен ақша, бұрын берілген несиелер, оның ішінде қарыз алған проблемалық клиенттерге қатысты кінәрат-қуыным жұмыстары бойынша түскен ақша есебінен жүзеге асырады. Әрбір таратылатын банктің активтерінің мөлшері мен сапасы әрқалай болатындықтан, кредиторлар, олардың ішінде 4-кезектегі кредиторлар алдындағы берешектерді өтеудің қандай да бір тиянақты мерзімі қарастырылмаған.
"Бір кезектегі барлық мойындалған талаптарды қанағаттандыру үшін ақша осы кезектегі кредиторлар арасында сол кредиторлардың талаптары тізіліміне сәйкес қанағаттандырылуға жататын талаптар сомасына үйлесімді түрде үлестіріледі. Бұл жерде банкті тарату барысында қандай да бір кезектегі кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру бойынша міндеттемелерді өтеуге ақшаның жетпей қалу қаупі бар", - деді ҚДКБҚ Проблемалық банктермен жұмыс істеу жөніндегі басқармасының бастығы Назгүл Алмасаева.