Лицензиясынан айрылған банктердегі өтемақыны электрондық портал арқылы алуға болады

803

Әзірге жүйе сынақ режимінде іске қосылды. 

Лицензиясынан айрылған банктердегі өтемақыны электрондық портал арқылы алуға болады

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) сынақ режимінде кепілдік берілген өтемақы сомасын төлеудің электрондық порталын іске қосты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Оның баламасы ТМД аумағында жоқ. Көрсетілетін мұндай қызметтер Оңтүстік Корея, Финляндия және Тайвань секілді технология жағынан дамыған мемлекеттерде жүзеге асырылған. Ал Германия мен Канадада онлайн-төлемдерді енгізу жұмыстары әлі жүргізілу үстінде.    

Бірыңғай ақпараттық жүйе лицензиясынан айырылған банктердің салымшыларының тізілімдерін біріктіреді. Бұл салымшыға лицензиясынан айырылған (таратылып жатқан) барлық банктердегі депозиттер бойынша төлені тиіс кепілдік берілген өтем сомаларын тексеруге және олар бойынша бір өтінішпен сол қаражатты алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар салымшы жүйедегі жеке кабинет арқылы өтінішінің орындалу мәртебесін өз бетімен қадағалай алады. 

"Кепілдік берілген төлемдерді электрондық порталы арқылы тек қана шоттардың, карточкалар мен депозиттердің иелері ғана  алуға өтініш бере алады. Өтініш электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен беріледі. Одан әрі бейне және SMS-код арқылы қос факторлы биометриялық сәйкестендіруден өту қажет. Бұл ретте SMS-кодты алу үшін салымшылардың ұялы телефондары мобильді азаматтар базасында тіркелген болуы керек. Толық нұсқаулық порталда қолжетімді", – деп жазылған ҚДКБҚ таратқан хабарламада. 

Салымшылардан онлайн өтініштер қабылдау кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта жаңа сервисті "Қазинвестбанк" АҚ, "Эксимбанк Қазақстан" АҚ салымшылары пайдалана алады. 

"Қазинвестбанк" АҚ және "Эксимбанк Қазақстан" АҚ салымшыларының  сенімхат бойынша өкілдері, мұрагерлері және өзге де құқық иеленушілері өтем алу үшін жазбаша өтініш тапсырады. 

Барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылған: "Delta Bank" АҚ, "Qazaq Banki" АҚ, "Tengri Bank" АҚ, "AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)" АҚ, "Capital Bank Kazakhstan" АҚ және "Астана Банкі" АҚ салымшылары үшін өтінішті төлемдердің электрондық порталы арқылы беру мүмкіндігі алдағы жақын уақытта қолжетімді болады. "Валют-Транзит Банк" АҚ салымшылары кепілдік берілген өтемақыны алу үшін Қорға жүгінулері тиіс", – деп жазылған ҚДКБҚ таратқан хабарламада. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу