Лицензиясыз жұмыс істеген 42 мектепке айыппұл салынды

484

Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарына мониторинг жүргізу барысында бірқатар құқық бұзушылықтарды анықтады.

Лицензиясыз жұмыс істеген 42 мектепке айыппұл салынды Фото: egemen.kz

Өткен жылдың аяғында республикадағы 56 мектептің лицензиясыз жұмыс істегені анықталды. Оның ішінде 40 мемлекеттік, 16 жекеменшік мекеме. Лицензиясыз жұмыс істейтін білім ордаларының басым бөлігі Астана және Алматы қалаларында, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жетісу, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында орналасқан, деп жазады inbusiness.kz.

Ақпаратқа сәйкес, 11 мектеп білім беру қызметіне лицензия алса, 3 мектептің материалы соттың қарауына берілген. Сот лицензиясыз қызмет көрсеткені үшін 42 мектепке қатысты айыппұл тағайындау туралы қаулы шығарды.

Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дауеновтің сөзінше, барлық мектеп білім беру қызметін бастамас бұрын рұқсат алуы керек. 

"Мектепке білім берумен айналысу құқығы лицензия алған сәттен бастап қана беріледі. Лицензияның жоқтығы мектептің жарамдылық тексеруінен өтпегенін немесе рұқсат алу үшін құжаттарды тапсырмағанын білдіреді. Лицензиясыз мектептер білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды, яғни негізгі және жалпы орта білім туралы аттестаттарды бере алмайды. Лицензиясыз жұмыс істейтін мектептерге қатысты министрліктің аумақтық департаменттері әкімшілік іс қозғады. Бүгінгі таңда сот шешімімен 42 мектепке лицензиясыз білім беру қызметін жүргізгені үшін айыппұл салынды. Егер мектеп заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелген сәттен бастап алты ай ішінде лицензия алмаса, онда ол сот тәртібімен жұмысын тоқтатады", - деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу