Литва елшісі жұмысының аяқталуына байланысты Қазақстаннан кетті

326

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Литва елшісі жұмысының аяқталуына байланысты Қазақстаннан кетті Фото: ҚР СІМ

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Литва Елшісі Гинтаутас Васюлисті еліміздегі дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады.

Қазақстандық дипломат Г. Васюлиске ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің атынан алғыс хатты табыстап, Литва Елшісінің Қазақстанда болған бес жылға жуық уақыт ішінде екіжақты саяси және сауда-экономикалық байланыстарды нығайту жөніндегі нәтижелі жұмысын атап өтті.

"Литва дәстүрлі түрде Қазақстанның Балтық өңіріндегі басым сауда серіктесі болып қала береді. Қазақстанның әлемдегі ең ірі сауда серіктестерінің отызына кіре отырып, ол осы көрсеткіш бойынша ЕО елдері арасында тоғызыншы орында тұр", – деп атап өтті Р. Василенко.

Кездесу барысында Балтық теңізіндегі Литва порттарымен өзара іс-қимыл тәжірибесінің болуын, көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықтың үлкен әлеуеті ерекше атап өтілді. Осыған байланысты тараптар Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тиімді жұмысының маңыздылығын атап өтті. Комиссияның кезекті отырысы үстіміздегі жылдың күзінде өткізуге жоспарлануда (жауапты мемлекеттік органдар – Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі және Литва Республикасының Экономика және инновациялар министрлігі).

Қазақстан Республикасындағы Литваның құрметті консулдықтары желісін кеңейтуге Г. Васюлистің қосқан үлесі және осы елдің Астана, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Орал, Өскемен, Павлодар, Тараз және Шымкент қалаларындағы 10 құрметті консулының қызметі ерекше атап өтілді. Бұл ретте, ҚР-дағы құрметті консулдықтардың саны бойынша Литва рекордсмен екені атап өтілді.

Кездесу соңында Р. Василенко Г. Васюлиске алдағы қызметінде табыс тіледі.

Өз кезегінде Г. Васюлис қазақстандық тарапқа қонақжайлылығы үшін алғысын білдіріп, екі ел арасындағы одан әрі жемісті ынтымақтастықтың жалғасатынына үміт білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу