Литва Қазақстандағы шетел азаматтары елде тұруға рұқсат алу үшін құжат тапсыратын орталықты жабу туралы шешім қабылдады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл шешімді Литваның ішкі істер министрі Мартинас Кателинас қабылдаған. Министрдің айтуынша, бұған қауіпсіздік мәселелері мен терроризм қаупіне қатысты алаңдаушылық себеп болған.
"Қауіпсіздік тәуекелдері мен терроризм қаупін бағалай отырып, мұндай өкілдіктердің аталған елдерде жұмысын жалғастыруына негіз көріп отырған жоқпын", – деді министр Кателинас.
Министрдің сөзінше, Литваның арнайы қызметтері Орталық Азиядан келетін азаматтарға қатысты ықтимал қауіптер туралы ескерткен. Олардың арасында радикалды көзқарастағы немесе террористік ұйымдармен байланысы болуы мүмкін адамдар анықталған. Кателинас мемлекет қауіп нақты оқиғаға айналғанша күтпеуі керек екенін атап өтті.
Жабылатын 4 орталық шетел азаматтары мен Литваның мемлекеттік органдары арасында делдал қызметін атқарған. Олар уақытша тұруға рұқсат алу үшін қажетті құжаттарды қабылдап, көші-қон рәсімдерін бастауға көмектескен.
Литва билігі болашақта шетел азаматтарының тұруға рұқсат алу туралы өтініштерін қабылдайтын сыртқы компаниялардың қызметінен толық бас тарту мүмкіндігін де қарастырып жатыр. Министрдің айтуынша, елдің жаңа көші-қон саясаты уақытша жұмыс істеуге келетін шетел азаматтарына көбірек бағытталуы мүмкін.