Қазақстандық танымал режиссер Ақан Сатаевтың "Анаға апарар жол" фильмінің көрсетілімімен "Литвадағы Қазақстандық көктем" фестивалінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Литвадағы "Қазақстандық кино күндері" шеңберінде қойылған фильмді ресми тұлғалар, парламент депутаттары, іскерлік және академиялық топтар өкілдері, мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ Литвада тіркелген дипломатиялық корпус басшылары тамашалады.
Фестивальдің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Литвадағы Қазақстан елшісі Виктор Темірбаев екі ел арасындағы, әсіресе жаңа буын өкілдерінің арасындағы мәдени диалогты тереңдетудің қажеттілігін алға тартты.
Қазақстан халқының тарихтың қиын кезеңдеріндегі табандылығы мен биік рухын көрсететін "Анаға апарар жол" картинасы литвалық көрермендерді таңқалдырды.
"Қазақстандық кино күндері" аясында Литваның ең үлкен үш қаласында (Вильнюс, Каунас, Клайпеда) қазақстандық киноматографияның жаңа туындылары "Анаға апарар жол", "Шал", "Талан", "Алмас қылыш", "Жаужүрек мың бала", "Күлтегін" анимациялық фильмі және тағы басқа кинолар көрсетіледі.
"Литвадағы Қазақстандық көктемнің" шаралары арасында қазақстандық-канадалық "Equus: жылқы тарихы" деректі фильмінің көрсетілімін, Вильнюс университетіндегі "Арқайым" нео-этно-фолк тобының концертін, Литваның үш қаласында және Латвия астанасында өтетін қазақстандық суретші Рауза Ералиеваның көрмесін, сонымен қатар қазақ ұлттық ойыны – тоғызқұмалақтан Вильнюсте болатын жарысты атап өткен жөн.