ҚР парламент мәжілісінің депутаттары Қазақстан мен Литва арасында сотталған азаматтарды беруге қатысты шартты ратификациялауға келісті. Ол тізімге мәжбүрлі түрде медициналық емдеуге жіберілген азаматтар да кіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР бас прокурорының орынбасары Марат Аxметжановтың айтуынша, аталған құжат осыдан екі жыл бұрын Вильнюс қаласында рәсімделген болатын. Оған сәйкес, Литвада Қазақстан азаматын соттаса, я болмаса, мәжбүрлеп емдеуге жіберсе, ондай азаматтар жазаны өз елінде өтейтін болады. Литва Республикасының азаматтарына қатысты шаралар да сондай болады.
Құжат бойынша беруге жатпайтын адамдар да бар. Біріншіден, сотталғандар егемендік пен қоғамдық тәртіпке нұқсан келтірсе және ұлттық заңнама мен мемлекеттің мүддесіне қайшы болса, ондай азаматтар берілмейді. Екіншіден, сотталған адам келтірген залалды өтемесе, сол жерде қала береді.
Бүгінгі отырыста мәжіліс депутаттары "Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамдарды беру туралы" заңның жобасын бірауыздан мақұлдады.