Литваның бизнес өкілдерімен жобаларды бірлесе атқару мәселесі талқыланады

700

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Литва қалаларының мэрлерін қабылдады.

Литваның бизнес өкілдерімен жобаларды бірлесе атқару мәселесі талқыланады

 

Қазақстандағы Литваның Төтенше және өкілетті елшісі Васюлис Гинтаутас бастаған құрамында литвалық қалалардың мэрлері және іскер адамдар бар делегация бизнес-форумға қатысуға келді, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында экономика, мәдениет және туризм салаларында өзара пайдалы ынтымақтастық перспективаларын кеңейту мәселелері қаралды.

Қазіргі кезде Алматыда сауда, логистика, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу салаларында литвалық капиталмен 94 кәсіпорын жұмыс жасауда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Алматы мен Литва арасындағы тауар айналымы 40 млн долларды құрады.

"Бізді литвалық қалалардың Smart City арқылы қала шаруашылығын басқаруда инновациялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесі қызықтырады. Бүгінгі күні Алматыда ТҮКШ, көлік, денсаулық сақтау, білім мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйелерін цифрландыру бойынша жұмыстар қарқынды жүруде. Ертең болатын бизнес-форумда біздің кәсіпкерлер біріккен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылайтын болады. Мұндай кездесулердің өзара пайдалы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жаңа серпін беретініне сенімдімін", – деді литвалық делегацияға арнаған сөзінде Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Укмерге, Кедайняй, Зарасай, Биржай, Кайшядорис, Рокишкис, Электренай, Мажейкяй сынды қалалар мен аудандардың және Каунас ауданының мэрлері мен өкілдері өз қалаларының ерекшеліктері мен мүмкіндіктері туралы айтып берді.

Бұлардан өзге, Литва сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдері ЕО талаптарына сай жоғары технологиялық жобаларды жүзеге асыру және өнім шығару бойынша тәжірибе алмасуға дайын екендіктерін білдірді. Сонымен қатар, литвалық делегация өкілдері Алматы бизнесін өз елдерінің логистикалық және экспорттық әлеуетін пайдалануға шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу