"Астана" командасының шабандозы Якоб Фульсанг жүлделі орындарға үміткер ретінде финалдық метрлерге дейін жарыс жолын тамаша жүріп өтті. Нәтижесінде үздік үштіктің қатарына бір қадам жетпей қалып, 4-орынға ие болды.
Чивильо асуына жеткенде жекелей шабуылға шыққан голландиялық Бауке Моллема "Ломбардия турының" жеңімпазы атанды. Жеңімпаздан 16 секунд уақыттан кейін мәреге келген Алехандро Вальверде 2-орынға, Эган Берналь 3-орынға және Якоб Фульсанг 4-орынға ие болды.
"Апта бойы өзімді ойдағыдай сезіндім. Жақсы нәтиже көрсету үшін таласқа түсуге дайын болдым. Финалда 4-орыннан да жақсы нәтиже көрсетемін деп үміттендім. Моллема шабуылға шыққанда бір-бірімізге өте көп қарап, қателік жібердік. Жарыстан соң қатты көңілім қалды. Себебі бүгін біздің жеңіс үшін таласуға тамаша мүмкіндігіміз болды. Бірақ, енді маусымда жеткен жетістіктермізбен мақтана аламын. Командамызға және демеушілерімізге, әсіресе осының барлығының жүзеге асуына себепкер болып отырған "Самұрық – Қазынаға" алғысымды білдіремін. Мен үшін бұл спорттық мансабымдағы ең сәтті маусым болды. Бірақ, мен мұнымен тоқтамаймын. Қазірден бастап алдыма мақсат қойып, келесі маусымды асыға күтемін", – деді Якоб Фульсанг.
Расымен де, "Астана" командасының капитаны үшін маусым өте сәтті өтті. Якоб Фульсанг монументальді классикалық Льеж-Бастонь-Льеж" жарысында, "Критериум дю Дофине" мен "Андалусия Вуэльтасының" жалпы есебі бойынша, сонымен қатар "Испания Вуэльтасы" Гранд-турының кезеңідерінің бірінде, "Тиррено-Адриатико" көпкүндігінде жеңіске жетті. Одан бөлек Фульсанг классикалық "Страде Бьянке" (2-орын), "Амстел Голд Рэйс" (3-орын) және "Флеш Валлонь" (2-орын) жарыстарында көзге түсті. Және бүгінгі "Ломбардия турында" 4-орынға ие болды.
"Астана" командасы "Ломбардия турымен" еуропалық маусымды тәмамдады. Бірақ алда 2019-жылғы Әлемдік Турдың финалдық көпкүндік жарысы – "Гуанси туры" бар. Жарыс Қытайда 17-22 қазан аралығында өтеді.
Ермұхамед Мәулен