"Ломбардтардың сауда қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" ішкі істер министрінің және ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 29 тамыздағы бірлескен бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы" жаңа бұйрық жобасы әзірленді, деп хабарлайды abctv.kz.
Құжатқа сәйкес, енді ломбардтарға шетелдіктердің қолынан зат алуға тыйым салынады. Яғни, тек қазақстандықтар меншігіндегі дүние-мүлікті ғана кепілдікке ала алады.
Осы мақсатта жаңа бұйрықпен "Ломбардтардың сауда қызметін жүзеге асыру қағидаларының" 2-тармағының 5-ші тармақшасы жаңа редакцияда жазылып отыр: "Қарыз алушы – бір мезгілде кепіл беруші болып табылатын және жеке пайдалануына арналған жылжымалы мүлікті кепіл ретінде бере отырып, ломбардтан қысқа мерзімді қарыз алатын Қазақстан азаматы".
Жаңа құжат жаңа бір ұғымды құқықтық айналымға енгізбек, ол термин – "сақтаушы". Халықаралық азаматтық құқық бойынша "сақтаушы" – бұл қандай да бір затты сақтауға тапсыратын тарап болып саналады. Қолданыстағы бірлескен бұйрық бұған дейін барлық клиенттерді тек "қарыз алушы" деп қана атайтын. Демек, алда ломбардтарға белгілі бір ақыға заттарды сақтауға қабылдауға да рұқсат етілетінге ұқсайды.