Лондонда Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы елшілігінің қолдауымен "Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қатысушылар алдыңда Қазақстанның Ұлыбританиядағы төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысов пен АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов сөз сөйледі.
"Қазақстан - бизнес пен тікелей шетелдік инвестициялар үшін ашық ел. Бұған дәлел - "Астана" халықаралық қаржы орталығының, үздік әлемдік тәжірибеге негізделген нормативтік-құқықтық базасының құрылуы. АХҚО қызметі Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы екіжақты қарым-қатынасты дамытуға ықпал етеді және ұзақ және өзара тиімді ынтымақтастық үшін тамаша платформа болады деп сенемін", - деді Ерлан Ыдырысов.
Қайрат Келімбетов атап өткендей, орталық қор нарығындағы қаржы қызметтері мен операцияларды реттеудің халықаралық стандарттарын енгізді. АХҚО резиденттерінің саны 100-ге жетті. Astana International Exchange (AIX) биржасында сауда-саттық іске қосылды.
"Біздің әріптестерімізге, серіктестерімізге және Ұлыбританиядан келген әлеуетті клиенттерімізге АХҚО мүмкіндіктерін таныстыру - мен үшін үлкен құрмет. Біз инвесторға қажет болуы мүмкін барлық құралдарды ұсынатын толыққанды көпфункционалды экожүйені құрдық. АХҚО-ның ағылшын жалпы құқығына негізделген заңнамасы тек Қазақстанға ғана емес, сонымен қатар ЕАЭО және Орталық Азия аймағының басқа да елдеріне қауіпсіз инвестициялау үшін барлық жағдай жасайды", - деді Қайрат Келімбетов.
Іс-шараға сондай-ақ AIX биржасының басқарма төрағасы Тимоти Беннетт, АХҚО қаржылық қызметтер реттеу жөніндегі Комитеті (AFSA) Директорлар кеңесінің төрайымы леди Барбара Джадж, АХҚО сотының төрағасы лорд Гарри Кеннет Вульф, АХҚО халықаралық төрелік орталығының төрайымы Барбара Доманн қатысты. Сонымен қатар, АХҚО Құқықтық Консультативтік кеңесінің отырысы өтті. Одан бөлек, Chatham House - халықаралық қатынастар саласындағы жетекші британдық талдау орталығында АХҚО-ның тұсаукесері өтті. Іс-шараға геоэкономика, мемлекеттік даму және қаржы нарықтары саласындағы сарапшылар қатысты. АХҚО өкілдері қатысушылардың барлық сұрақтарына толық жауап берді.