ЛРТ желісінің құрылысы тоқтатылды – Бақыт Сұлтанов

1123

Жобаны ішкі көздерден қаржыландыру қарастырылып жатыр. 

ЛРТ желісінің құрылысы тоқтатылды  – Бақыт Сұлтанов Фото: inform.kz

Елорданың әкімі Бақыт Сұлтанов негізгі капиталға салынған инвестициялардың төмендеуіне себепші факторларды атады, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

"Иә, инвестициялардың көлемі екі есеге төмендеп отыр. Бұның негізгі себебі  – құрылыс саласындағы көрсеткіштердің төмендеуі. Құрылыс жұмыстары 43 процентке, ал тұрғын үйлерді тапсыру 35 процентке төмендеп отыр. Себебі былтыр ірі жобалар аяқталған болатын. Оның ішінде Халықаралық қаржы орталығын орналастыру үшін ЭКСПО павильондарын реконструкциялауға жұмсалған 20 миллиард теңге бар. Биыл ондай ірі жобалар жоқ", – деді Бақыт Сұлтанов үкіметтің бүгінгі отырысында.

Әкім онлайн режимде есеп берді. Оның айтуынша, соңғы екі жылда елордада 12 ірі нысан пайдалануға берілсе, биыл тек 4 ірі жоба ғана қолға алынып отыр.

"Бірақ оның ішінде ЛРТ желісінің құрылысын тоқтата тұруға байланысты ол да өзінің әсерін беріп отыр. Қазіргі кезде біз үкімет пен Ұлттық банкпен бірге бұл мәселені ішкі көздерден қаржыландыруды пысықтаудамыз. Сонымен қатар, қаланың инвестициялық жобаларын республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі 198 миллиард теңгеден 115 миллиард теңгеге дейін төмендеуі де өз әсерін беріп отыр", – деп атап көрсетті Бақыт Сұлтанов. 

Айта кетейік, үкіметтің бүгінгі отырысында  ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин негізгі капиталға салынатын инвестициялар бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Себебі бірқатар аймақта аталған көрсеткіш төмендеп отыр. Олардың ішінде Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы бар.

"Негізгі көрсеткіштер бойынша бірінші тоқсанда Шығыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Павлодар мен Қызылорда облыстары жақсы нәтижеге жетті. Сонымен қатар, Ақмола облысында және елордада құрылыс пен инвестициялар бойынша көрсеткіштер төмендеп кеткен. Осы бағыттағы жұмыстардың нашар деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтемін", – деді Асқар Мамин.

Алдағы уақытта үкімет шетелдік инвестицияларды тартудың жаңа тәсілдерін талқылайды. 

Ал "Самұрық-Қазына" қорының басшысы Аxметжан Есімов шетелде қордың активтеріне тоқтам салу мәселесін көтерді.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу